Басты Жаңалықтар Жамбыл облысында бітелген бастаудың көзі ашылды

Жамбыл облысында бітелген бастаудың көзі ашылды

Жамбыл облысында 500-ден астам таңбалы тасы бар Қарасай шатқалының табанында суы сылдырап аққан бұлақ пайда болды. Өйткені өңір тарихшылары мен белсені жастар бірігіп, бүгін бітелген бастаудың көзін ашты. Енді тауға келген туристер жер астынан шығып жатқан табиғи таза суды тұтына алады. Сондай-ақ, сайдан сайға жортқан жабайы жануарлар мен құстар, бір сәт суат басында дамылдамақ. Қайнардың айналасына астау қойылып, тұрғындардың төрт-түлігі үшін де жағдай жасалды. Жалпы шатқалдың жартасындағы жазулар біздің заманымызға дейін 5 мың жыл бұрын пайда болған. Енді «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында таңбалы сай, туристік бағыт ретінде басымдыққа ие болмақ. Ал бұған дейін өңір жастары Жамбыл ауданындағы «Жалғыз тал» қайнарының көзін ашқан еді.

Шәрбану Ынталы, ерікті:

Жалпы бұндай тарихи кешендерді күтіп баптау, бұл бәріміздің міндетіміз. Себебі бұл тарихи кешендерді біз ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып қалдыруымыз керек. Сол үшін біз өз үлесімізді қосу үшін волонтерлар болып арнайы келіп отырмыз.


Бөлісу