Басты Жаңалықтар Қатерлі ісікке қарсы алғашқы отандық дәрі жыл соңына дейін тіркеледі

Қатерлі ісікке қарсы алғашқы отандық дәрі жыл соңына дейін тіркеледі

Қатерлі ісікке қарсы қазақстандық препарат соңғы сынақтан өтеді. Содан соң ресми түрде тіркеледі. Министрдің сөзінше, отандық дәрі онкологиялық ауруларға қарсы әлемдегі ең арзан дәрі болмақ. Бағасы жайлы тілшіміз Нұрсұлтан Тілектестің бейнематериалы.

Препарат бұған дейін бірнеше рет клиникалық сынақтан өтіп, жақсы нәтиже көрсетті. Яғни дәріні қабылдаған бірнеше науқастың дерті дендемей, дер кезінде тоқтаған. Енді соңғы сынақтан сәтті өтсе, препарат жыл соңына дейін ресми тіркеліп, науқастарға егіле бастайды. Бұл – қатерлі ісікке қарсы дәрілердің ішіндегі ең арзаны,-дейді министр.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Бұл дәрі-дәрмектің ішінара компоненттері өте арзан. Глюкоза мен қышқыл. Бір дәрі-дәрмектің дайындалуы, ішінара құндылығы 15-16 мың теңге. Бізде қазір сол қышқылды шетелден сатып аламыз. Глюкозаны өзіміз шығарамыз. Қышқылды өзіміз шығарған жағдайда 10-12 мың теңгеге дейін кемітуге болады.

Мышьяктың және төмен концентрацияда С витамині мен D түрін біріктіру арқылы жасалатын бұл препарат Америкада патенттелген. Ал елімізде эксклюзивті лицензиясы бар. Әсеріне келсек, ішкі органдардың сауығуына ықпал етеді.

Оқу ақысы қымбаттай ма?

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Үкімет отырысында министрге оқу ақысына қатысты сауалдар да қойылды. Биыл жоғары оқу орындарында оқу ақысы қымбаттай ма? Өйткені барлығымызға мәлім, қаңтар айынан қосылған құн салығы салына бастады. Бұл бағаға әсер ете ме?

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Мемлекеттік оқу орындарындағы оқу ақысын біз реттеп отырамыз. Дегенмен инфляцияға байланысты бағаны көтеруге рұқсат береміз. Оның мөлшері 10–15 пайыздан аспауы керек. Сондықтан биыл оқу құны 10 пайызға қымбаттауы мүмкін.

Министрлік 15 университетті лицензиясынан айырған

Баға бірден шарықтамайды деп сендірді ведомство басшысы. Ережені елемегендерге шара қолданылады. Мәселен, Саясат Нұрбек министр болғалы 500-ден астам сот отырысына қатысып, 15 жауапсыз университетті лицензиясынан айырғанын айтты. Қазір де бір жоғары оқу орнымен соттасып жатыр екен.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Лицензиясынан айырылғандардың ішінде Ақтөбеде «Қазақстан-Ресей» халықаралық университеті бар. Атырауда да бір университет жұмысын тоқтатқан. Ал министрлік қазір дауласып жатқан Шымкенттегі «Аймақтық инновациялық университетінің» де есігіне жуық арада қара құлып салынуы мүмкін,-деді министр.

Жиында айтылған тағы бір жаңалық: Қазақстанда жоғары білім жүйесі жаңарады. 700 бағдарлама жабылып, оқу бағдарламалары қайта қаралады.


Бөлісу