Басты Жаңалықтар Жаңа жылу-электр станциясы 176 мВт электр қуатын өндіреді

Жаңа жылу-электр станциясы 176 мВт электр қуатын өндіреді

Елімізде энергетика саласын жаңғыртуға айрықша көңіл бөлінуде. Президент биыл Түркістан мен Қызылорда облысында бу-газ қондырғылары базасында жаңа электр станциялары іске қосылатынын айтты. Бүгінде Сыр өңіріндегі маңызды инвест жоба жүзеге асып, электр қуатын өндіруге көшті.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Заманауи жыл-электр орталығының құрылысын түрік инвесторлары екі жылда аяқтап, қазіргі таңда екі газ-турбина толық қуатта жұмыс істеп тұр. Мұнда сағатына 176 мВт электр қуаты өндіріліп, энергия көзі оңтүстік аймаққа тарайды.

Бұл тек алғашқы кезеңі. Алдағы уақытта орталықта бу стансасы іске қосылып, өндіріс тағы 95 мВт-қа ұлғаяды. Яғни осы кезге дейін электр энергиясын сырт көздерден алып келген Сыр өңірі енді өз қажеттілігін толық қамтуға мүмкіндігі бар. 

Камал Мадатов, «AKSA ENERGY» компаниясының өкілі:

Қазіргі таңда KEGOC желісіне электр энергияны беріп тұрмыз. Негізі облыстың қажеттілігі 180 мВт. Қазіргі таңда 200-дейін барады. Біз оны оны толықтай қамтамасыз етіп тұрмыз. Одан артық бізде артылады 60 мВт.

Орталық электр қуатын өндіріп қана қоймай, қыста қаланы жылумен қамтамасыз етеді. Жалпы жоба құны 215 млрд теңге. Нысанға ең соңғы үлгідегі қондырғылар орнатылған. Газ турбиналық генераторлар АҚШ-тан, пештері Түркия мен Италиядан әкелінген. Заманауи технологиялар мен қондырғыларды шетелдіктермен бірге қазақстандық мамандар да меңгеріп, өндірісте жергілікті жұмысшыларға басымдық берілген. 

Мейірбек Барахатов, Инженер-электр маманы:

Бұл жерде түрік елінен келген «AKSA ENERGY» компаниясы мен біздің жергілікті мамандардың 70 пайыздан астамы өзіміздің қазақ мамандары бірігіп бірге жұмыс істеудеміз. Көптеген оқу үлгілері болды. Содан да дәрістер алып, тәжірибе алмасып жатырмыз.

Маңызды жоба облыстың энергетикалық әлеуетімен қатар әлеуметтік-экономикалық дамуына да тың серпін бермек. Барлық станция іске қосылған кезде мұнда 130-дан астам маман тұрақты жұмыспен қамтылады. Ал жылу-электр орталығының қуаттылығы сағатына 240 мВт-қа жететін болады.   

Бөлісу