Атырау облысында тасқынға қарсы гидротехникалық нысандардың құрылысы аяқталды
Атырау облысы Жылыой ауданында Жем өзенінің бойына салынған гидрошлюздың құрылысы аяқталды. Осыдан 2 жыл бұрын тасқын астында қалған Құлсары қаласына жіберілетін су енді реттеліп отырады. Аймақта бөгет салу жұмыстары да қарқынды. Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт ауданға арнайы барып, жұмыс барысымен танысып қайтты.
Нұрсұлтан Нұрсейі, тілші:
Жем өзені бойындағы бұл гидрошлюз – Құлсары қаласын тасқыннан қорғауға бағытталған маңызды нысан. Енді осы арқылы қалаға жіберілетін су көлемі реттеліп, қауіпті деңгейдің алдын алуға мүмкіндік бар. Қазір мұндағы жұмыстар 100 пайызға аяқталды. Енді тек айналасы қоршалып жатыр.
Құрылыс басында 20 шақты адам мен 5 техника жұмыс істеуде. Салынған гидрошлюздің биіктігі 3,5, ұзындығы 125 метрді құрайды. Нысан биылғы тасқынға толық дайын, дейді мердігер.
Бақытжан Ғалымжанов, мердігер мекеме өкілі:
Секундына 5-6 куб су жібереді. Қойманың өзі 2,5-3 мың кубтай су жиналып тұрады. Көктемгі су тасу кезінде жинап, керек кезде Құлсарыны және өзендерді сумен қамтамасыз етеміз. Ал жазды күні Жем өзеніне ептеп жіберіле береді.
Қарағай мен Сарқырауық елді мекендерінде де су көзін реттейтін шағын гидрошлюздер салынған. Тасқынға қарсы Жем және Құрсай өзендерінің 95 шақырымы тереңдетілді. Сондай-ақ қосымша 54 шақырым бөгет соғылған.
Сламғали Досқалиев, аудандық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы:
Ақтөбе қаласына тікұшақпен барлау жұмыстары жүргізілді. Онда тау сілемдерінде қарлар бар әлі. Толық ери қоймаған. Сол жақтың «Қазгидрометінің» болжауы бойынша бізге қардың еруіне байланысты су келеді. Былтырғы жылы осы уақытта су көлемі 260 см көлемінде болған, ал қазіргі мәлімет бойынша 157 см көлемінде тұр.
Облыста биылғы көктемгі су тасқынына қарсы шараларға жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге қаржы бөлінген. Төтенше жағдай бола қалса, 1700-дей адам күші, 466 техника, 300-ге жуық қайық пен мотопомпа және 3 тікұшақ дайын тұр. Жайық, Ойыл және Жем өзендерін жағалай қоныстанған 51 елді мекен бар. Қауіпті учаскелерге 15 гидрологиялық бекет орнатылған. Олардан әр 4 сағат сайын ақпарат түсіп отырады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы