Басты Жаңалықтар Ата заң: Бала – мемлекет қорғауында

Ата заң: Бала – мемлекет қорғауында

Қостанай облысында соңғы 3 айда 52 бала мемлекет қамқорлығына өтті. Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда екі есе артқан. Негізгі себептің бірі – бала құқығының бұзылуы. Ата-анасы жауапсыз атанып, қараусыз қалған балаларды  мемлекет қалай қорғайды? Ата заңда бұл мәселе жайлы не айтылған?

Мәдина Нағашыбай, тілші:

Бұл - Қостанайдағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы. Мұнда отбасы қиын жағдайға тап болған немесе ата-анасы міндетін тиісінше орындамай жүрген балалар уақытша орналастырылады. Яғни мемлекет олардың құқықтық мәртебесі анықталғанша толық өз қамқорлығына алады. Себебі баланың қауіпсізідігі мен мүддесі мемлекет үшін бірінші орында.

Бұл жерде олар 3 ай көлемінде тұрақтай алады. Яғни осы уақыт аралығында ата-анасына жағдайын түзеп алуға мүмкіндік беріледі. Қазір мұнда  3 пен 18 жас аралығында 38 бала уақытша тұрып жатыр. Барлығы жас ерекшеліктеріне байланысты екі топ бар. Жарық әрі кең, таза жерде балалар өздерін жайлы сезінеді.

Сәуле Наурызбекова, облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры:

Балалар қасымыздағы мектепте   оқиды, қазақ мектебіне барады. Барлық жағдай жасалған. 5 рет тамақтанады, тәрбиешілер бар. Үйірмелерге барады. Шахмат бар, спорт инструкторы бар.

Орталықта балалардың қауіпсіздігі тәулік бойы бақылауда. Ғимарат ішіне 20-дан аса бейнебақылау камерасы орнатылған. Ән, би, шахмат үйірмесінен бөлек түрлі спорт түрімен де айналысады. Сондай-ақ балалармен міндетті түрде білікті психолог маман жүйелі түрде жұмыс істейді.

Светлана Чевелева, психолог:

Мына бассейн кішкентай балалармен жұмыс істеуге өте ыңғайлы. 2 мен 5 жас аралығындағы бүлдіршіндердің тактильді дамуына, моторикасына жақсы. Мұндай жаста оларға осындай түрлі техника қолданылады. Бұл психологиялық жағдайын тұрақтандырып, жалпы дамытуға, зат мөлшерін, түстерді айыруға көмектеседі.

Былтыр облыста балаларға қатысты 98 қылмыстық және 5 мыңнан аса әкімшілік құқықбұзушылық дерегі тіркелген. Дені ата-ананың жауапсыздық танытып, қараусыз қалдыруынан немесе әлімжеттік көрсетуінен болып отыр. Қабылданған Ата заңда бала құқығы нақты айқындалып, оны қорғау мемлекеттің басты міндеті ретінде бекітілген. Сондай-ақ 27-бапта «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» деп айқындалды. Сондықтан мамандардың айтуынша, енді заң да күшеюі мүмкін.

Несібелі Бәсенова, Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл:

Ата заңда отбасы институтына үлкен көңіл бөлінген. Балалардың жалпы құқығы, ата-аналардың міндеті мен құқығы жақсы көрсетілген. Мемлекет оларды қорғауға міндетті деп көрсетілген. Отбасы – ол кішкентай әлем. Сол әлем бала өмір сүруге құқылы. Сондықтан біздің қазіргі мақсатымыз – баларды қорғау, зорлық-зомбылыққа жол бермеу.

Мамандардың айтуынша, мұндағы балалардың дені отбасына оралады. Кейбірі мемлекет қамқорлығына өтеді. Бүгінде елімізде балалардың құқығын қорғап, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау үшін мемлекет тарапынан жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Бұл – әр баланың қауіпсіз әрі қолайлы ортада қалыптасуына бағытталған маңызды қадам.

Бөлісу