Басты Жаңалықтар Ақтөбе облысындағы жүк көліктерінің 40% артық жүк артатындары анықталған

Ақтөбе облысындағы жүк көліктерінің 40% артық жүк артатындары анықталған

Ақтөбе облысында республикалық маңыздағы жолдармен жүретін жүк көліктерінің 40 пайызға жуығы белгіленген нормадан артық тауар тасымалдайды. Оны Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері анықтаған.

Елімізде 23 наурыздан бастап көктемгі су тасқыны кезеңіне орай ауыр габаритті көліктер тексеріліп жатыр. Бұл шара 1 мамырға дейін жалғасады. Мамандар бүгін Ақтөбе-Атырау тас жолына шығып, рейд өткізді. Көліктер арнайы таразы арқылы өлшенеді. Егер белгіленеген нормадан артық салмақ көрсетсе, жүргізушіге немесе көлік тіркелген мекемеге айыппұл жазылады.

Әлихан Амангелдиев, облыстық Көліктік бақылау инспекциясының бас маманы:

Әр бірлікке берілетін көлік салмағы 8 тоннадан асатын көліктерге шектеу қойылды. Қазіргі таңда соған байланысты жұмыстар жүргізілуде. Тасымалдаушының жеке басын анықтап, ол жеке кәсіпкер болатын болса, айыппұл соған байланысты өзгереді.

Мамандардың айтуынша, әсіресе көктем мезгілінде жолға күтім қажет.  Өйткені оның жанына су жиналады әрі астыңғы қабатына ылғал өтіп, бүліну қаупі жоғарылайды. Сондықтан республикалық маңыздағы жолдарға ерекше көңіл бөлінеді. Талап бойынша, инспекторлар бір тәулік ішінде өтетін жүк көліктерінің кемінде он бес пайызын тоқтатып, тексеруі тиіс.

Амангелді Қазиев, облыстық «ЖАСҰО» инженері:

Жолдың негізі жұмсарып, бостау болады. Сондықтан да ауыр жүк көліктері жолдың сапсына әсер етеді. Сондықтан осындай шаралар өткізіліп, уақытша шектеулер енгізіліп тұр.


Бөлісу