Гарнизонда жауынгерлік даярлықтың жаңа әдісі енгізілді
Ақтауда теңіз жаяу әскерлері гарнизонында жауынгерлік даярлықтың жаңа әдісі – әскери-тактикалық пейнтбол енгізілді. Соның арқасында жауынгерлер шынайы шабуыл жағдайына барынша жақын ортада жаттығады. Бұл әдістің тиімділігі – оқ-дәрі шығыны болмайды. Оған қоса, гарнизонда заманауи қондырғылар мен жаңа қару түрлері қолданысқа енгізілген.
Оқ шығындарынсыз пейнтбол алаңында жаттығу – жауынгерлік даярлықты жаңғыртудың жаңа құралы. Мұнда шынайы ұрыс жағдайлары ұйымдастырылады, алайда әскери қызметшілер имитациялық қаруды қолданады. Осылайша олар ғимараттарды шабуылдау, аумақты тазарту, қорғаныс пен шабуыл кезіндегі әрекеттерді меңгеруде.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Біз қазір теңіз жаяу әскерлерінің пейнтбол алаңындамыз. Мұнда жауынгерлер оқ шығындарынсыз, заманауи ұрыс тәсілдерін үйреніп жатыр. Бір ерекшелігі – ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы әскерлер алдымен нысананы анықтап алып, шабуылды бастайды.
Әскери бөлімнің оқу сыныптары заманауи техникамен жабдықталған. Жас сарбаздар жауынгерлік техниканы жүргізу мен қару түрлерін қолдануды алдымен арнайы тренажерлар арқылы меңгереді. Кейін шынайы полигонда жаттығады.
Бексұлтан Алдаберген, Танк батальонының командирі:
393 теңіз жаяу әскери бригадасының жеке құрамы қазіргі таңда далалық полигонында Оймашада практикалық сабақтар жүргізілуде. Бірінші бақылау-ату жаттығуын орындауда. Ол танкті 72 қаруынан орындалады. Біздің жеке құрам жиі жаттығу жасайды. Себебі біздің бригада жауынгерлік болғандықтан оқу полигонына жиі шығамыз.
«Оймаша» полигоны – теңіз жаяу әскерлерінің ұрысқа дайындалатын орны. Әскери қызметшілер мұнда снайперлік винтовкалар мен түрлі гранатаатқыштарды меңгеріп, мергендік шеберліктерін шыңдайды.
Әлишер Назымбек, қатардағы жауынгер:
Осы әскерде мен өзімнің дисциплина жағымды жақсы неттім және табандылықпен өзімді шынықтырдым. Алдағы уақытта осы әскери бөлімде контрактімен қалғым келеді.Өйткені бұл Қазақстандағы ең жалғыз бөлімше және элита және мықты. Қазақстаннның қарулы күштеріндегі ең мықты бөлім.
Ақтау гарнизонының жауынгерлері құрлықта, суда және әуеде қызмет етудің әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген. Теңіздегі кемелер заманауи навигация және бақылау жүйелерімен жабдықталған. Авиациялық техникалар да қазіргі талаптарға сай, озық технологиялармен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы