Басты Жаңалықтар ЕАЭО: Цифрлық интеграция мәселесі талқыланды

ЕАЭО: Цифрлық интеграция мәселесі талқыланды

Еуразиялық экономикалық Одақ аясындағы сыртқы сауда саясаты мүше мемлекеттердің тауарларын экспорттау үшін қосымша мүмкіндіктер береді. Бұл туралы бүгін Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Үкімет басшысының сөзінше, кооперациялық жобаларды қолдау тетіктері инновациялық бастамаларға және қосылған құны жоғары өндірістерді құруға бағдарлануы тиіс. Осыған байланысты демонстрациялық орталықтар, стартаптар және салалық құзыреттілік орталықтары арқылы цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектті пайдалануды ынталандыру маңызды. Тауарлар, қызметтер, капитал және еңбек күшінің еркін қозғалысы Еуразиялық экономикалық Одақ жұмысының басты қағидаты болып қалмақ.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Қазақстан өзінің алдына толыққанды цифрлық ел болу жөнінде стратегиялық міндет қойып отыр. Осы мақсатта Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық IT-стартаптар технопаркі саналатын Astana Hub компаниясының негізінде заманауи экожүйе қалыптастырды. Білім беруді, ғылыми зерттеулерді және инновациялық жобаларды қолдау бастамасы біріктіретін Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Біз ЕАЭО бойынша әріптестермен цифрлық реттеу және экономиканы трансформациялау саласында білім мен тәжірибе алмасуға дайынбыз.

Биыл Қазақстан Еуразиялық экономикалық Одаққа төрағалық етеді. Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі басымдық ретінде жасанды интеллектіні экономикалық интеграцияны дамытуға, кедергісіз орта қалыптастыруға және сауда географиясын кеңейтуге қолдану қажеттігін тапсырды. Кездесуде сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу мәселелері талқыланды. БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексінде Қазақстан 193 елдің ішінде 24-орында тұр. Сонымен қатар еліміз онлайн қызметтер сапасы бойынша әлемдік көшбасшылардың жетекші ондығына кіреді. Мемлекет басшысы Үкімет алдына 3 жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру жөнінде міндет қойды. Жиын қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер интеграциялық процестерді одан әрі дамытуға және мемлекеттердің  экономикалық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Михаил Мишустин, Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы:

Өткен жылы Еуразиялық экономикалық одақтың жалпы ішкі өнімі 1,7%-ға өсті. Өсу драйверлеріне өнеркәсіп, құрылыс, бөлшек сауда және ауыл шаруашылығы жатады. Одаққа мүше мемлекеттер арасында сыртқы экономикалық байланыстар кеңейіп келеді. Біздің ынтымақтастығымыз ең перспективалы бағыттарды қамтиды. Бүгін біз Еуразиялық технологиялық платформалар туралы жаңартылған ережені бекітеміз. Оны жүзеге асыру инновациялық өнімдерді әзірлеуде ғылыми, қоғамдық ұйымдар мен іскер топтар арасындағы тығыз ынтымақтастықты қамтамасыз етеді.


Бөлісу