Шаңды дауылдан кейін экологтар Каспий теңізін зерделеді
Атырауда топырақ аралас жаңбыр жауғаннан кейін экологтар Каспий теңізінің аумағын зерделеуді бастады. Соңғы бір аптада тұз аралас шаңды дауыл тұрып, шаһарды қалың тұман басты. Мамандар мұны Каспий теңізінің тартылуымен байланыстырып отыр. Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт арнайы құрылған топпен бірге аумақты тікұшақпен барлап қайтты.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Біз қазір тікұшақпен Каспий теңізінің аумағында жүрміз. Енді қаланы бірнеше күн бойы шаңды дауыл басып тұр. Мұны мамандар теңіз деңгейінің төмендеуімен байланыстырып отыр. Су шегінген сайын құрғаған табаннан көтерілген шаң мен тұз осылайша ауаға таралуда.
Экологиялық ахуалды зерделеу үшін арнайы топ құрылды. Құзырлы орган өкілдері теңіздің тартылған табанын бір тексеріп шықты. Негізінен шаңды дауыл өсімдігі жоқ, құрғаған аумақтардан көтерілген. Қала төңірегінде дәл осындай 4 нүкте анықталды.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Мұны жер бедерінен-ақ байқауға болады. Көріп тұрғандарыңыздай, жел оңтүстік-шығыстан қалаға қарай соққан. Қазір енді мамандар топырақтан сынама алып жатыр. Бұл Каспий теңізінің тартылуына қаншалықты байланысты? Осыны алдағы уақытта анықтайды.
Ерлан Есенов, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:
Қаладағы топырақпен ұқсайды. Бірақ сынамалардың қорытындысы шықпай, ештеңе айта алмаймын. «Қазгидромет» өкілдерімен тығыз жұмыс істеудеміз. Жуырда жауған лай жаңбырдың да нәтижесі шығуы керек. Ал бүгін топырақтан алған сынаманы лабораторияға жөнелтеміз.
Сынама нәтижелері 4 күнде шығады. Егер болжам ғылыми түрде дәлелденсе, аумақ толық көгалдандырылады. Арал теңізін аман алып қалудың әдіс-тәсілдері және басқа да технологиялар зерделеніп, сексеуіл егу немесе аумақты ылғалдандыру шаралары қолға алынады.
Жасұлан Бисембиев, Атырау облысы әкімінің орынбасары:
Егер де осы жердегі топырақтың құрамы қаладағы шаңның құрамымен сәйкес келетін болса, бұл біздің ойымызды дәлелдейді. Содан кейін нақты шаралар қабылдауға мүмкіндік бар. Мұнда бірнеше канал жүріп жатыр. Сондықтан бұл жердегі өсімдіктерді суаратындай мүмкіндік болады өсірген жағдайда. Немесе ылғалдату технологиясы да бар. Яғни топырақты ұстау үшін ылғалдату техникасын да қарап жатырмыз.
Мамандардың айтуынша, бұл тек жергілікті мәселе емес, тұтас аймақтың экожүйесіне әсер ететін күрделі процесс. Сондықтан әр қадам ғылыми негізде жүзеге асырылмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы