Парламент Алатау қаласының ерекше құқықтық режимін бекітті
Алатау қаласындағы бизнесті тек Бас прокуратура тексере алады. Бұл жемқорлыққа жол бермеу үшін жасалып отыр. Үкімет, Жоғары аудиторлық палата мониторинг нәтижесі жөнінде жыл сайын есеп тапсыруға міндетті болады. Бюджет қаржысының қайда жұмсалып жатқаны да порталға жүктелуі тиіс. Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтылды. Жиында «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңы екінші оқылымда мақұлданды. Құжат озық технологияларды қолдана отырып, шаһарды жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Ол үшін цифрландыру жағынан әлемде алдыңғы қатардағы Шэньчжэнь, туристер көп баратын Дубай, Сингапурдың тәжірибесі негізге алынған. Қаланы әкім емес, Премьер-министр басқарады. Ал бюджетін, стратегиялық шешімдерді арнайы кеңес қарастырады.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Кеңестің құрамын Президент бекітеді және кеңесті Премьер-министр басқарады. Сол кеңес қаланың әкімшілігінің құжаттарын бекітеді және басқарушы органдардың басшыларын, Алатау қаласының әкімін қызметке тағайындайды.
Заң жобасында инвесторлар үшін арнайы салық режимі де қарастырылған. Бірақ жеңілдіктер міндеттемелермен қатар жүреді. Яғни инвесторларға да талаптар қойылады. Оның нақты тізімі алдағы уақытта жарияланбақ. Бұдан бөлек, жаңа шаһарда құрылыс ұзақ мерзімді жоспар негізінде іске асады. Қазірдің өзінде 30 жылдық бас жоспар және 15 жылдық қалалық жоспар дайын. Қаланың бюджеті емес, инвесторлардан келген қаржы пайдаланылады.
Бекболат Орынбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Яғни қолданыстағы бюджет, Салық кодексі негізге алынған. Бірақ қаланың мәртебесі ерекше болады. Оның ішінде не? Біріншіден, бюджет. Бюджеттің өзі екі бағытта қалыптасатын болады. Біріншіден, әкімшілік бюджеті, екіншіден, мемлекеттік қордың бюджеті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы