Жалған ақпарат арқылы жұрттан жылу жинаған күдікті ұсталды
Әскерде жүріп әлімжеттік көрдім деп жалған ақпарат таратқан астаналық тұрғын ұсталды. Ақпан айының аяғында Threads әлеуметтік желісінде желі қолданушысы жауынгер болып қорлыққа ұшырағанын мәлімдеген. Сондай-ақ қазіргі уақытта қудалаудан қорқатынын айтып, халықтан қаржылай қолдау сұрады. Дегенмен жедел қызметкерлердің арқасында бұл алаяқтықтың кезекті схемасы екені анықталды.
Желіде желдей ескен жазба жұрттың жағасын ұстатқаны рас. Автордың сөзінше, командирі оны қорқытып, жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеген. Постта оқиғаның айтуға ауыз бармайтын тұстары егжей-тегжейлі баяндалады. Өзінің күйзеліске түскенін айтқан ол өміріне қауіп барын алға тартып, шетелге кету үшін халықтан көмек сұрайды. Жарияланымда банк реквизиттері қоса көрсетілген. Қысым көрдім деген соң көпшілік сеніп, барын беріп, екі күннің ішінде шотқа 100-ден аса адамнан ақша түсіпті.
Осындай айласы үшін жас жігітке бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Кейде мұндақ оқиғалардың артында жай ғана есеп жатуы мүмкін. Әрдайым тексерген абзал. Сондай-ақ бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыздар.
Алайда мән-жайды толық білігісі келіп, полицияға жүгінген бір азаматтың қырағылығының арқасында алаяқтық әрекеті әшкереленді. Барлық күдік есепшот иесі - 17 жастағы жасөспірім екені анықталғаннан кейін расталған. Оның айтуынша, хостелде танысқан бұрынғы танысы оған қарызын аудару үшін карта деректерін сұраған көрінеді. Бүгінде пост авторы ұсталды. Оның әскери қызметке еш қатысы жоқ екендігі және әскерде ешқашан болмағаны белгілі болды.
Бүгінде жас жігітке көрінеу ақпаратты тарату және алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік барын еске салып, тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы