Басты Жаңалықтар Әйгілі альпинист Ерванд Ильинскийге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы табысталды

Әйгілі альпинист Ерванд Ильинскийге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы табысталды

Тау тұлға. Тап осы теңеуді біз жиі қолданамыз. Оған сай келетін тұлғаларымыз да аз емес. Бірақ бүгінгі кейіпкеріміздің болмысын, еңбегі мен ерлігін тап осы сөз дәл суреттеп тұрғандай. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің ең биік нүктелерін бағындырған тәжірибелі шыңға өрмелеуші, халықаралық турнирлердің жеңімпазы, әйгілі альпинист Ерванд Ильинскийді Ақордада қабылдап, сый-құрмет көрсетті, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын салтанатты түрде табыстады.

Тауда тіл бар. Ол рухы биік жандарды шыңына шақырады. Жасы 85-ке келген әйгілі альпинист Ерванд Ильинский әлі де баспаған биік нүктем бар деп отыр. Тоқсанды тобықтан шалғанша тағы бір тауды бағындырғысы келеді. Ол 40 жылдан аса уақытын осы альпинизмге арнаған. Эверестті еңсеріп, беделді «Жеті шың» клубына мүше болған алғашқы қазақстандық. 

Ерванд Ильинский, ардагер альпинист:

14 сегіз мыңдық шың деген альпинистердің ең үлкен арманы әрі сынағы. Әр тауға шығудың жолы әртүрлі. Өзіне тән қиындығы бар. Мысалы, Эверестке шығу үшін мен 3-4 күн жұмсадым. Бірақ ол менің жүрген уақытым. Ал сол сапарға деген дайындыққа ондаған жылдар кетті. Мен өмірімде 7 мыңдық шыңдарға 20-дан астам рет шыққан шығармын. Бірақ әлі жолым түспеген және алдағы уақытта бағындырғым келетін жалғыз нүкте - Жеңіс шыңы.

Тау қозғалмайды, асықпайды, күтеді. Арманының етегінде қалмай, төсіне өрмелейтін рухы биік жандар бәрібір шыңға ұмытылады. Бірақ бұл – өте қауіпті жол. Бір ғана Эвересттің бойында 300-ден аса адамның мүрдесі жатыр деседі. Сонда да жанын бір арқанға түйіп, альпинистер құздағы қатерге қарсы жүреді. Бұл кейде тым қате, тым қыңыр ұстаным. Ерванд қарияның ережесі басқа. Мұны Президенттің өзі тарқатып айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Адам өмірі ең жоғары спорттық жетістіктерден құнды» деген теңеуіңіз альпинистер арасында қанатты сөзге айналып кетті. «Альпинизм – адам мен табиғат арасындағы шахмат ойыны» деп дәл айтқансыз. Кей 2, Чогори, шыңын бетке алған командаңыздың алай-дүлей боранға тап болғаны мәлім. Сол сәтте шыңның ұшар басына қол созым жер қалғанына қарамастан, кері қайттыңыз. Мұндай шешім қабылдау оңай емес. Осыдан-ақ дана, мейірбан жан екеніңізді аңғарамыз. Жетістік пен жеңіске ешқашан масаттанған емессіз. Бәріне белгілі, үйреншікті бағыттармен жүргенде де сақтықты ұмытпадыңыз. Кез келген жорыққа осылай тыңғылықты дайындалу даңқты альпинист, спортшы, тәлімгер ретінде сіздің «төлқұжатыңызға» айналды».

Ерванд Ильинский – елімізде альпинизм мектебінің негізін қалаушы. Оның шәкірттері әлем рекордын жаңартқан, халықаралық альпинизм қозғалысының элитасына кірген мықтылар. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы әлемде бірінші болып биіктігі 8 мың метрден асатын барлық 14 шыңға шықты. Бүгін тау тұлғаның «ерен еңбегі» Ақордада еленіп жатыр.

Ерванд Ильинский, ардагер альпинист:

Таңғалдым. Мен өмір бойы жұмыс істедім. Соның жемісі шығар. Күнде марапат алып, күнде Ақордаға кірмейміз ғой. Президент альпинизм туралы көп айтты, өте көп біледі екен. Саланың қыр-сырын жетік біледі.

Тау үйретеді, тау тәрбиелейді. Адамның бойындағы рухын қуаттап, шыңдайды. Ең биік шыңның басында физикалық заңдылықтар өзгерсе де, альпинисттің ұстанымы өзгермейді. Міне, альпинистердің жастарға көрсетер үлгісі осы. Әр адам қайсар, әрі күрескер болуы керек. Өмірдің өзі күрес, альпинизм сияқты. Тек әркімнің өз Эвересі бар.


Бөлісу