Алматыда 130 мыңдай адам «Даңқ мемориалына» гүл шоқтарын қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 130 мыңдай адам «Даңқ мемориалына» гүл шоқтарын қойды

09.05.2019

Бүгін Алматыда 130 мыңдай адам «Даңқ мемориалына» гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза тапқан майдангерлердің рухына тағзым етті. Қала тұрғындары ел басына күн туған кезде аянбаған батырларды еске алу үшін 28-Панфиловшылар саябағындағы «Мәңгілік алаудың» қасына жиналды.

Соғысқа қатысқан туыстарының суреттерін көтеріп, оларды еске алған қалың топ қаланың бірнеше көшелерімен жүріп өтті. Арасында Білім Серғазина да бар. Ол ел үшін ерлік көрсеткен әкесінің 74 жыл бұрын «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталғанын кеше ғана естіпті.

Білім Серғазина, Алматы облысының тұрғыны:

Ол кісі 80 жасқа келіп қайтыс болды. Тірі кезінде мұны білген жоқпыз. Кеше 8 мамыр күні осы куәлікті маған табыс етті. Өте қуаныштымыз. Өйткені, бұл ол кісінің ұрпақтарына өнеге-үлгі.

Қанша жыл өтсе де ерлігі ұмытылмайтын батырларға тағзым еткен көпшіліктің ішінде Әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров та бар. Ол «ұрпақ деп кеудесін оққа тосқан аталардың ерлігі жастарға мәңгілік үлгі»,-дейді.

Рүстем Қайдаров, ҚР Әділет генерал-майоры:

Әкем Отан соғысының ардагері. Мен сол соғыстың алдында дүниеге келдім. Жеңіс күнінде бәріңізге денсаулық, жақсылық тілеймін. Бабаларымыз бүгінгі жақсы, бақытты күнге бізді жеткізді.

Жалпы, 5 жылға созылған соғысқа қазақ даласынан 1 млн. 200 мыңдай адам аттанды. Солардың жартысына жуығы қайтып оралмаған. Майданда мерт болғандардың арасында Қабылтай Дәуітқұлұлының әкесі де бар. Соғыс басталғанда алты айлық сәби болған әкесінің жатқан жерін тек 55жылдан кейін іздеп тапқан.

Қабылтай Дәуітқұлұлы, қала тұрғыны:

Өзім талай жерге барып іздедім, Германияда Кельн деген қала бар екен. Сол жақтан, Чехославакиядан қарадым. Содан 2000 жылы жолдасым Венгрияға барып, тауып келді.

Жеңіс күні - халықтың бірлігі мен елдің ертеңге деген сенімін нығайтатын  мереке. «Ал, майданда жан аямай соғысқан батырлардың ерлігі жас ұрпақты жігерлендіруі тиіс», - дейді жиналған көпшілік.

 

Аманкелді СЕЙТХАН

Хабарламаларға жазылу