Мемлекет басшысы Ербол Хамитов пен оның бапкерлерін марапаттады
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 14-інші Қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов пен оның бапкерлерін марапаттады. Италияда өткен жаһандық жарыста Ербол тарихи жетістікке жетіп, қос медальды ел қоржынына салған еді.
Тап осы Ақорда уәденің куәсі. Ербол Президенттің алдында үш ай бұрын серт еткен еді. Сөзінде тұрды. Италияның төрінде ту көтеріліп, әнұран шырқалды. Бүгін Ербол Хамитов III дәрежелі «Барыс» орденінің иегері.
Ербол Хамитов, Паралимпиада ойындарының чемпионы:
Бүгін ерекше күн, мен үшін. Неге десеңіздер, мен сөзімде тұрдым. Және Мемлекет басшысы маған III дәрежелі «Барыс» орденін табыстады. Бізге айтты, босамаңыздар, жаттығыңдар, алдағы уақытта тағы елді көтеріп, әнұран шырқатыңдар деді. Бәріне көп-көп рахмет. Мемлекет басшысы Ербол Хамитов пен оның бапкерлерін марапаттады
Ерболдың жеңіс жолында демеген, қолдаған командасы бар. Жаттықтырушы Василий Коломиец пен Антон Ждановичке «Парасат» ордені, «Үміт» спорт клубының жаттықтырушысы Аслан Тоқбаевқа «Құрмет» ордені табысталды.
Василий Коломиец, жаттықтырушы:
Мемлекеттің, Президенттің қолдауының арқасында бізде парашаңғы мен парабиатлоннан өнер көрсетуге мүмкіндігіміз мол. Біздің командаға көп көмек көрсетілді. Соның нәтижесінде жетістікке жеттік. Бүгін президентіміз бізді осындай салтанатпен қабылдап, марапат табыстады. Біз өте қуаныштымыз.
Мемлекет басшысы Ербол Хамитовтың еңбегі мен ерлігін атап өтіп, оның жеңісі – қазақ параспорты үшін тарихи жетістік екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ербол қазақтың қайсар, өр рухты әрі намысты ұлт екенін күллі әлемге паш етті. Сондықтан ең алдымен, саған және бапкерлерге ризашылығымды білдіремін. Паралимпиада ойындарына аттанар сәтте мен еліміздің көк Туын саған табыстадым. Сол артылған сенімді толық ақтап, Қазақстанға жеңіспен оралдың. Керемет нәтижеге жеттің. Соның арқасында еліміз командалық есепте 18-орынға табан тіреді. Үздіктердің ішінен алға шығып, чемпион болу оңай емес. Бұл – жылдар бойғы тынымсыз дайындық пен қажырлы әрі табанды еңбектің жемісі екені анық.
Салтанатты рәсімнен кейін Президент споршылармен әңгімелесті. Мемлекет тарапынан паралимпиада саласына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын айтты. Былтыр елімізде 4 заманауи инклюзивті спорт кешені жұмыс істей бастады. Алдағы уақытта осындай орталықтар әрбір аймақта көбірек ашылуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл бағытты біз одан әрі дамытып, қаржыландыруымыз керек деп есептеймін. Паралимпиадаға әлемде үлкен көңіл бөлінеді. Қазақстанда да бұл бағыт тиісті деңгейде дами береді деп ойлаймын. Құтты болсын!
Ербол мұнымен тоқтап қалмайтынын айтып, алдағы паралимпиадаларда ел намысын қорғайтынын жеткізді.Ербол екі сөйлемейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы