Қарағандыда наурыз мерекесі жалғасуда
Елімізде Наурызнама онкүндігі аяқталғанымен Наурыз мерекесі әлі де тойлануда. Қарағандыда Әзімбековтер әулетінің 7 бірдей ұл-қызынан тараған ұрпақтары бас қосып, Ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өтті.
Наурыз – жаңа жылдың бастауы ғана емес, ағайын-туыстың басы қосылып, бірлік пен берекенің тоғысатын күні. Әзімбековтер әулеті үшін де бұл мерекенің орны бөлек. Бір атадан тараған 7 баланың 150 жуық ұпақтары бас қосып, Ұлыстың ұлы күнін ерекше ұлықтады.
Рәш Әзімбекова, әулеттің абыз анасы:
Ақтың ағарып, ел аузына тиген уақыт. Малдың төлдеген уақыты. Ең қымбат мейрам. Бауырдан артық ешкім жоқ туғанға. Барлығын көріп, бір жасарып жатырмын.
Құрманбектен тараған құрым ел бүгінде 7 атаға дейін жетті. Ұлан асыр тойда туажат пен жүрежатқа дейін жүр. Алдымен әулеттің үлкендері ақтан ауыз тисе, ұл қыздары өнерімен дүйім жұртты қуанышқа бөледі. Бұл ағайын туыстың басы қосылған қарапайым жиын ғана емес, Ұлттық мерекемізді ұрпаққа аманаттау, дейді жиылғандар.
Бұл мерекенің ерекшелігі үлкендер бір-бірін таниды. Солардың ұрпақтары танысып-білісуде. Бұл бірлікті, ынтымақты үйрететін үлкен мереке.
Наурыз тойында ән шырқалып, би биленді. Ұлттық аспаптардың үні естіліп, бүлдіршіндер мақал-мәтел айтып жарысты. Ал ақ жаулықты аналарымыз болса кимешек киіп, шеру жасады. Ағаларымыз арқан тартысып, өзара мықтыны анықтады
Әсет Әмірбеков, Әзімбековтер әулетінің мүшесі:
Наурыз мерекесі - қазақтың мерекесі. Жаңарған түрі. Міндетіміз – бала-шаға бір-бірін біліп өссе екен. Ертенгі қазақтың ұлы күндерін ұлықтап, ары қарай жеткізсе екен деп тойлап жатырмыз.
Әзімбековтер әулеті 9 жыл бойы наурыз тойын дүркіретіп тойлап келеді. Соның арқасында бүгінде ағайын-туыстың арасы тату, бірлігі мығым. Мерекелі мәрт елдің жыл сайын мерейі артып, берекесі толысып келеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы