Басты Жаңалықтар Адам тәріздес тағы бір жұмысшы робот таныстырылды

Адам тәріздес тағы бір жұмысшы робот таныстырылды

Гуманоид роботтардың қатарына тағы бір адам тәріздес құлтемір қосылды. Moby3 жүйесі зауыттағы ауыр жұмыстарды істеуге жарамды. Ал ClearSpace стартабы ғарышта істен шыққан аппараттарды қағып алып, оларды орбитадан шығарады. 

Бұл Moby3. Жаңадан құралған тағы бір адам тәріздес робот. Оны Noble Machines компаниясы Nvidia GTC 2026 конференциясында қалың жұртқа таныстырды. Олардың ары-бері жүріп тұруына, түрлі әрекетіне инженерлер қашықтан жауапты. Компания роботтарды келешекте зауыттағы ауыр істерді тез меңгеріп, орындауға сай етіп жетілдіруді көздейді.

Вей Дин, Noble Machines бас директоры:
Біз өндіріс, жартылай өткізгіштер және логистика салаларында жұмыс істеп жатырмыз. Негізгі мақсат – роботтарды өндіріс ортасына мейлінше жылдам енгізу. Оларды жаңа қызметкерді жұмысқа қабылдағандай оңай бейімдеу.

Енді орбитадағы ескі спутниктерді «эвакуациялайтын» жүйе шығуы мүмкін. Мұндай жауапты іске ClearSpace компаниясы ниетті. Олар әзірлеп жатқан технология ғарыштағы істен шыққан аппараттарды қағып алып, оларды орбитадан шығару арқылы ғарыштағы қызметті қауіпсіз әрі тиімді етуді көздейді. Сарапшылардың мәліметінше, жер орбитасындағы нысандар саны жыл сайын артып келеді. Мыңдаған ірі объектілерден бөлек, миллиондаған ұсақ бөлшектер бар. Тіпті диаметрі бір сантиметрден асатын қоқыс та жұмыс істеп тұрған спутниктерге айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.

Ал Лондондағы Physical Mind стартапы ғарышкерлердің ұзақ миссиялар кезінде денені төзімді етуге арналған жаңа жаттығу құрылғысын әзірлеп жатыр. Жоба Халықаралық ғарыш станциясындағы көлемді жаттығу орындарына балама болатын ықшам әрі тиімді шешім ұсынуды көздейді. Құрылғы секіру, ырғақты қозғалыс жасау және ауыр жаттығулар орындауға мүмкіндік береді. Жобаның негізін қалаушы әрі өнертапқыш Джон Кеннеттің айтуынша, құрылғы арнайы механикалық теңгерім арқылы жасалған. Соның арқасында ол ғарыш кемесіне түсетін діріл мен күшті барынша азайтады және электр қуатын қажет етпейді.



Бөлісу