Басты Жаңалықтар Ақтөбелік студенттер полицейлерге көмектесуде

Ақтөбелік студенттер полицейлерге көмектесуде

Ақтөбеде колледж студенттері ерікті түрде полицейлерге көмектесіп жатыр. Олар дрондар арқылы қала қауіпсіздігін бақылайды. Ал меншік иелері бірлестіктерінің басшылары ауладағы бейнебақылау камераларын қалай және қайда орналастыру керегін айтып, ұсыныс жолдай алады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Еріктілер дрондар арқылы құқық бұзушылықты анықтайды. Ұшу аппараттары жол ережесін бұзған жүргізушілерді лезде анықтап, барлық ақпараттарды жедел басқару орталығына жібереді.

Жол сақшылары мен еріктілер 10-15 минуттың ішінде қауіпсіздік белдігін тақпаған үш жүргізушіні анықтады. Студенттер бұл жұмысты ерікті түрде атқарып жүр. Олар полицейлерге көмектесу арқылы қала қауіпсіздігіне үлес қосудамыз дейді.

Айсұлтан Амангелді, студент:

Дрон ұшырамыз, ол видеоға түсіреді, нарушение шығарады, ол дәлел болады. Тоқтатқаннан кейін наряд тоқтатып, доказательство болады. Мысалы ремень тақпады, протокол толтырады.

Шаһарда 87 мыңнан аса бейнебақылау камерасы бар. Мәселен, «Алтын орда» ауданындағы мына ауланың өзінде оннан астамы тұр. Көбін тұрғындардың өздері қойған. Қала бойынша 26 мың камера жедел басқару орталығына қосылған. Еріктілер олардың жазбаларын сараптап, бақылап отыруға көмектеспек ниетте.

Бағдат Табышев, Ақтөбе тұрғыны:

Мысалы мына жерде екі мың камера болса, сол екі мың камераны айналдырған он адам қарауы мүмкін емес, кейбірі қараусыз қалады. Сондықтан ол камераларға доступ бермей-ақ, осы жаққа келіп, қарау мүмкіндігін берсе ең құрығанда.

Меншік иелері бірлестіктерінің басшылары бүгін жедел басқару орталығына келді. Аулаларындағы бейнебақылау камераларына түскен  бейнекөріністерді бақылады. Сондай-ақ, кейбір құрылғылардың орнын ауыстыруға ұсыныс берді.

Ардана Саймағамбетов, облыстық ПД бастығының орынбасары:

2026 жылғы 2 наурыздан бастап «құқық бұзушылық» туралы заң күшіне енді. Бұл заңға сәйкес қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға, жол қауіпсіздігін сақтауға тек полиция емес, барлық органдар жауап береді. Ақтөбе қаласында қоғамдық көмекшілерге де үлкен мүмкіндіктер беріліп жатыр.

Полицейлердің айтуынша, қоғамдық тәртіпті сақтауда дрондар мен бейнебақылау камераларының маңызы зор. Олардың көмегімен жыл басынан бері 5825 құқық бұзушылық анықталған.


Бөлісу