Жамбыл облысында дала жұмыстары басталды
Жамбыл облысының шаруалары көктемгі дала жұмыстарына кірісіп кетті. Қазір өңір бойынша 10 мыңнан астам техника егіске дән себуді біртіндеп бастады. КСМ: Биылғы егіс көлемін 25,5 мың гектарға ұлғайтып 665 мың гектардан асып отыр. Әулиеаталықтар әсіресе жүгері, қант қызылшасы мен майлы дақылдар көлемін көбейтпек. Оның үстіне биыл жылына 300 мың тонна өнім өңдейтін жүгері өңдеу зауыты ашылмақ. Дихандарға демеу ретінде биыл 16 мың тоннаға жуық дизель отыны дайындалған. Жанармай литрі 208 теңгеден беріліп жатыр. Ал отандық тыңайтқыш пен будан тұқымдарын сатып алған шаруалардың 60% шығыны мемлекет есебінен субсидияланады.
Анзор Бешлы-Оғлы, шаруа қожалық басшысы:
Биылғы егіс науқанына 10 техника дайындадым. Жүгері мен қызылша жинайтын комбайндарым сақадай сай. Өзім 40 жылдан бері егінмен айналысамын, 100 гектар жерім бар. Жартысын жайылым ретінде пайдаланамын. Ал жылдағы жұмыстың бұл басталған шағы біз үшін басты мереке.
Биыл өңірде 76 канал бетондала бастады. Сондықтан кей алқаптарға су бармайтындықтан, дән себілмейді. Ал аймақта жыл сайын қант қызылшасын қабылдауға қатысты дау туатын. Биыл бұл мәселе қайталанбас үшін «Меркі қант зауытынан» бөлек Тараздағы кәсіпорын да өнім қабылдайды.
Төлебек Құлекеев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
«Меркі қант зауытынан» бөлек «Тараз қант зауыты» биыл модернизация жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қыркүйек, қазан, қараша айларында жұмыс толығымен аяқталып, «Тараз қант зауыты» да қант қызылшасын қабылдауға кірісе бастайды. «Тараз қант зауыты» шамамен 250 мың тонна қант қабылдаса, «Меркі қант зауыты» да сол көлемде қабылдайды деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы