Басты Жаңалықтар Наурыз мейрамы Бельгияда да тойланды

Наурыз мейрамы Бельгияда да тойланды

Ұлыстың ұлы мерекесі Еуропада да тойланды. Бельгиядағы қазақ мәдени орталығы Иран, Ауғанстан, Әзірбайжанның осы мемлекеттегі қауымдастықтарымен бірігіп, әз-Наурызды бар сән-салтанатымен атап өтті. Тойда қазақ диаспорасының өкілдері мен отандық студенттер шетелдіктерді ұлттың рухани мұрасымен тереңірек таныстырды.

Ұлыстың ұлы күнін ЮНЕСКО адамзаттың материалдық емес мәдәни мұра тізіміне енгізсе, БҰҰ Әз-Наурызды «халықаралық мереке» деп жариялады. Күншығыс елдеріне ғана емес, барша адамзатқа ортақ мейрамның мән-маңызын түсіндіру үшін Қазақстан, Ауғанстан, Әзірбайжан мен Иранның Бельгиядағы мәдени орталықтары биыл мерекені бірігіп тойлауды жөн көріпті.

Дина Есмұрзина, Бельгиядағы қазақ диаспорасының өкілі:

Ұлыстың мерекесі құтты болсын! Ақ мол болсын! Берекелі жыл болсын! Жылдан жылға жете берейік. Тек бейбітшілік болсын елімізде. 

Хейди Вервимп, Димаштың Бельгиядағы жанкүйерлер клубының жетекшісі:

Димаштың арқасында Қазақстан жайлы танымым кеңейді. Қазақстан әлемдегі мықты мемлекеттердің бірі. Қазақ халқына бақыт, бейбітшілік тілеймін. Елдеріңіз өркендей берсін.

Тамырлас, бауырлас елдер әз-Наурыздың құрметіне ерекше бағдарлама дайындаған. Ирандықтар көпшілікке Наурыз көже пісіруден шеберлік сабағын өткізсе, қазақ мәдени орталығының өкілдері бельгиялықтарды қазақтың қылқалам өнерінің қыр-сырына қанықтырды. Сондай-ақ жиналғандарды ұлттық аспаптардың тарихымен таныстырып, күй құдіретін сезіндірді.

Ұлттық ән-күйді естігенде бельгиялықтар асырап алған қазақстандық балалар сілтідей тынды. Домбыраның қоңыр үні жаттанып бара жатқан қаракөздеріміздің санасында ұйықтап жатқан бір түйсікті оятқандай.

Ронин Әсет Моерман, Брюгге қаласының тұрғыны:

Мен Қазақстанда туғанмын. Бір жасымда атам анам асырап алған. Қазір 17 жастамын. Қазақстанға баруды жоспарлап жүрмін. Елім жайлы көп білсем деймін. Домбыра үйренгім келеді.

Мерекеге жиналғандар Қазақстанның көрікті жерлері бейнелеген көрмені тамашалап, мерекелік дастарханнан дәм татты. Мейірім мен молшылықтың, жаңару мен жасампаздықтың мерекесін бұдан былай Бельгия жұрты да қазақтармен қосылып тойлауға құлшынып отыр.

Бөлісу