Наурызнама: Бүгін – ұлттық спорт күні
Бүгін Наурызнама онкүндігіне сай Ұлттық спорт күні тойланды. Өңір-өңірде ұлттық ойын дәріптеліп, салт-дәстүр ұлықталды. Ұлы дала рухы қайта жаңғырып, бабадан жеткен асыл мұра заманауи сипатта жалғасын тапты.
Түркістан облысының Отырар ауданында бір мезетте мың бала асық ойнап, «КИнЭС» рекордтар кітабына енді. Игі шараға көне ұлттық ойынды жаңғырту үшін жеткіншектер өңірдің барлық аудан-қалаларынан жиылған. Ал Шәуілдір ауылында көне ойынның бірі тас көтеру жарысы ұйымдастырылды. Күш атасы Қажымұқанның елінде ақмолалық балуан Арман Сүлеймен салмағы 150 келіден асатын тасты көтеріп, жұртты таңқалдырды.
Ал Таразда «Ұлттық спорт» күнінде қалада 50-ге жуық жарыс өтті. Ардагерлер спорттың 6 түрінен кім мықтыны анықтады. 100-ден аса қария ләңгі теуіп, асық атудан жастардан кем түспейтінін көрсетті. Жалпы өңірде 5 мың адам тұрақты түрде ұлттық спортпен айналысуға ден қойған.
Бүгін Шымкентте жаңа алаңда дәстүрлі ойын түрлерінен жарыс өтті. Қыз қуу, аударыспақ, қазақша күрес, теңге ілу мен асық атудан жастар өз бақтарын сынады. Бұл күні тек салауатты өмір салты насихатталып қана қоймай, халқымыздың бай мәдени мұрасы дәріптелді.
Ал Оралда «Бабалар ізімен» атты облыстық ұлттық спорт лигасы салтанатты түрде ашылды. Мерекелік шарада мергендер садақ атып, балалар асық ойнады, ал балуандар боз кілемде белдесті. «NatRoboCom» атты ұлттық жарыс ұйымдастырылып, роботтар арқан тартып, асық атты, тіпті қыз қуу да ойнады. Сондай-ақ алаңда қолөнер мен ұлттық тағамдар көрмесі де келушілерді тәнті етті. Ұлттық дәстүр мен инновация үйлескен мереке Ұлыстың ұлы күніне дейін жалғасады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы