Алатау қаласын әкім басқармайды
Болашақтың қаласы біртіндеп бой көтеріп келеді. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Алатау қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатты дайындау кезінде қарыштап дамыған Сингапур мен Дубай сынды мегаполистердің тәжірибесі негізге алынған. Алматының іргесінде іргетасы қаланып келе жатқан шаһардың қандай артықшылықтары бар? Ернұр Медет баяндайды.
Алатау қаласын әкім басқармайды. Шаһар Премьер-министрдің бақылауында болады. Тікелей Үкімет басшысына қарасты болған соң шешім қабылдау жылдам әрі бюрократиясыз жүзеге аспақ. Ал күнделікті басқару жұмысын арнайы орган жүргізеді.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл совет қаланың даму стратегиясын жүзеге асыратын, қаладағы мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіретін орган. Сол советтің құрамын Президент бекітеді. Қаланың әкімшілігі инвестициялық қатынастарға байланысты, инвестициялық кәсіпкерлеікке, сонымен бірге қала құрылысына байланысты өзінің нормативтік құқықтық актісін қабылдауға құқылы.
Алатаудың тың технологиялар тоғысқан қала болатыны талайдан бері айтылып жүр. Сандық жүйе сапалы өмір кепілі десек, мұнда тауарлар мен қызмет ақысы криптовалютамен төленеді. Жасанды интеллект, робот автономды көлік сияқты инновациялар енгізілмек. Қысқасы кинодағы кадрларды көзбен көретін күн алыс емес,-дейді депутаттар.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қазір қай ел шешімдерді тез қабылдап, тез орындайтын болса сол озады. Алатау ситидің болашағына өз басым өте үлкен сеніммен қараймын. Бірнеше трлн теңгенің жобасымен шетелдік компаниялар келіп жатыр. Қазірдің өзінде. Ал енді ол заң қабылданғаннан кейін әлемдегі ең мықты деген алдың қатарлы кәсіпорындар, алдыңғы қатарлы институттар біздерге келетініне сенемін.
Шынында, шаһарға қазірден қызығушылық жоғары. Жалпы құны 1,8 триллион теңге болатын 44 инвестициялық жоба дайын тұр. Соның арқасында 30 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Шетелдіктерге берілетін жері телімі де қатаң бақыланады. Яки екі жыл бойы өз міндеттерін орындамаса айыппұл салынады. Ал төрт жыл бойы түк тындырмаса жер тартып алынады. Жалпы Алатау болашақта ғылым, туризм, медицина және инновация орталығына айналуы тиіс. Қазақстанның келешектегі келбетін танытатын қаланы дамытуда озық елдердің тәжірибесі ескерілген.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Атап айтқанда, Шэньчжэнь, Хайнань Седжон мен Сонгдо, сондай‑ақ Сингапур, Дубай және Доха сияқты қалалардың тәжірибесі қарастырылды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қалаға тек арнайы мәртебе беру жеткіліксіз. Негізгі рөлді тиімді институционалдық орта атқарады. Нәтижесінде шешімдер жедел қабылданады, орталық органдармен функциялары қайталанбайды.
Енді Алатау, бүгін-ертең Дубай боп кетпесе де елдің оң имиджін қалыптастыратын Смарт Сити атануға қадам басып отыр. Қаланың даму стратегиясы 30 жылға есептелген. Ережелер жиі өзгермейді. Себебі әлем тербеліп тұрған шақта тұрақтылық аса маңызды. Бұл инвесторларға сенімділік беріп, қаржысын құюуына сеп болмақ. Құжат енді алдағы жұмада Парламент палаталарының бірлескен отырысында 2 оқылымда қайта қаралады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы