Басты Жаңалықтар Алматы қаласының бас жоспары өзгереді

Алматы қаласының бас жоспары өзгереді

Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімін қабылдады. Дархан Сатыбалдының айтуынша, шаһардың экономикалық индикаторы былтыр 6,5 пайызға, ал биыл қаңтар-ақпан айларында 9,4 пайызға жеткен. «Алматы» индустриялық аймағы мен «Алатау» арнайы экономикалық аймағына жаңа жобаларды тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Нәтижесінде шаһардың инвестициялық портфелі 2,8 триллион теңгеден асты. Оңтүстіктегі бас шаһар IT секторында жетекші рөл атқарады. Оған дәлел Almaty AI Park қалыптасып, жасанды интеллект негізіндегі бейне-мониторинг пен талдау жүйесі дамып келеді. Туризм саласы бойынша, биыл «Шымбұлақты» жаңғырту, іргелес шатқалдарды дамыту жұмыстары басталады. Бұл шаралар 2029 жылғы Қысқы Азия ойындарына дайындықпен бірге жүргізіледі. Қаланың бас жоспарын түзету жұмыстары аяқталуға жақын. Онда тау бөктеріндегі аумақта құрылысқа шектеу енгізу көзделген. Сондай-ақ Алматы әкімі Президентке қоғамдық көлік, инженерлік инфрақұрылым, экологиялық мәселелер бойынша да есеп берді. Кездесу соңында Мемлекет басшысы Almaty AI Park жобасын жеделдету, сондай-ақ LRT және SkyTrain жүйелерін енгізу жұмыстарын жандандыру бойынша бірқатар тапсырма берді.


Бөлісу