О.Бектенов: Аралдың айналасын көгалдандыру жалғасады
Премьер-министр Олжас Бектенов «Таза Қазақстан» акциясына мониторинг жүргізу орталығының отырысын өткізіп, Аралдың айналасын көгалдандыруды күшейту керектігін тапсырды. Сондай-ақ орман алқаптарын құру, өңірлерде экологиялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін де назарға алды. Әкімдерге жоспарды орындаумен шектелмей, егілген ағаштардың жерсініп кетуін қамтамасыз етуді қадап айтты.
Бұл іске Экология және табиғи ресурстар министрлігі жауапты. Олар әкімдіктермен бірлесіп, көшет отырғызу мен жерсіну жағдайын жіті қадағалауы тиіс. Биыл республика бойынша 210 млн-нан астам көшет егу жоспарланған. Сондай-ақ «Президенттің цифрландыру жылын жариялануына байланысты жерді қашықтан зондтау, дрондар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу керек», - деді Олжас Бектенов. Ал сәуір айының соңына дейін Арал теңізінің құрғаған табанындағы 165 мың гектар алқапқа мелиорациялық орман жұмыстарын аяқтау міндеті тұр. Бұл жұмыстарға тиісті министрліктен бөлек Қызылорда мен Түркістан облысы жауапты. Ал соңғы 4 жылда бұл бағыттағы жұмыс 1 млн гектардан астам алқапта жүргізілді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Президентіміздің «Таза Қазақстан» бастамасының негізгі қағидаттары, оның ішінде халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты негізгі құндылықтар еліміздің жаңа Конституциясында нақты бекітілген. Табиғатты қорғау – құр сөз емес, ол баршамыздың ортақ конституциялық борышымыз. Барлық мемлекеттік органдар жұмысты жандандыру керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы