Басты Жаңалықтар Елімізде кредитін бір ай төлемегендерге несие берілмейді

Елімізде кредитін бір ай төлемегендерге несие берілмейді

Қазақстанда кредит беру ережелері өзгерді. Бүгін, яғни 19 наурыздан бастап тұтынушылық несиелер бойынша жаңа нормалар күшіне енді. Енді қарызын төлемегендерге кредит алу қиын. Бұл өзгерістер жыл басында қабылданған Банктер және банк қызметі туралы жаңа заң аясында жүзеге асырылып отыр. Әріптесім Айжан Иманғали тарқатады.

Айжан Иманғали, тілші:

Бүгіннен бастап күшіне енген заңдағы басты өзгерістердің бірі - несие алу талаптарының қатаңдауы. Бұған дейін берешек мерзімі 90 күннен асып кетсе, несие беруге тыйым салынатын. Енді бұл мерзім үш есеге қысқарып, 30 күннен асса, жаңа кредитке шектеу қойылады. Осылайша, кез келген қарызы бойынша бір айдан астам уақыт төлем жасамай жүрген азаматқа жаңадан тұтынушылық несие берілмейді.

Тағы бір маңызды өзгеріс - қауіпсіздік шараларының күшеюі. Енді интернет арқылы немесе кепілсіз несие рәсімдеу кезінде міндетті түрде биометриялық сәйкестендіруден өту қажет болады. Бұл қадам соңғы уақытта жиілеп кеткен интернет-алаяқтардың СМС-код арқылы бөтен адамның атына несие рәсімдеу қылмыстарының алдын алу үшін енгізіліп отыр.

Егер азамат бұрын ешқашан несие алмаған болса, несие тарихында ақпарат жоқ болса, ол 150 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 650 мың теңгеден асатын қарыз алу үшін банкке жеке өзі баруы тиіс. Банк бөлімшесінде де биометриялық тексеру жүргізіліп, клиенттің жазбаша келісімі алынады. Ал егер несие сомасы 150 айлық есептік көрсеткіштен аз болса, банкке бармай-ақ, қашықтан биометрия арқылы рәсімдеуге болады.

Сонымен қатар жаңа заң банктердің жауапкершілігін де арттырады. Егер клиенттің шотына немесе несиесіне қатысты алаяқтық әрекеттер анықталса, ол туралы клиентке 1 күн ішінде хабарлап, бұзушылықтарды 2 күн ішінде жоюы тиіс. Ал 10 күн ішінде салдарын толықтай жоюға міндетті.

Бұл өзгерістер халықтың шамадан тыс қарызға батпауын қадағалаумен қатар, қаржы операцияларының ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.


Бөлісу