Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 3 жыл сайын өсіп отырмақ
Мемлекеттік қызметшілердің жалақысы енді кемінде үш жыл сайын өсіп отырмақ. Жалпы бұған дейін елмен етене жұмыс істейтін мамандардың айлығы мардымсыз екені жиі айтылатын. Тіпті соның салдарынан салада кадр тапшылығы бар екені белгілі. Енді осы олқылықтың орны толады. Бүгін мәжіліс «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Әріптесім Ернұр Медет толығырақ баяндайды.
Бүгін жаңа Ата заң қабылданғаннан кейінгі Мәжілістің алғашқы жиыны. Ұлттық киім күнімен тұспа-тұс келген отырысқа депутаттарда ерекше әзірленіп келген. Қазақы шапан, түрлі әшекей-бұйымдар.
Мәжіліс мінберіне бірінші болып мемлекеттің қызметкердің мәртебесін көтеруге бағытталған заң жобасымен Дархан Жазықбай көтерілді. Енді бұл саладағы жүкті әйелдердің жұмыс уақыты қысқарады. Жаңа норма науқас жақындарына күтім жасайтын қызметкерлерге де қатысты. Үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналардың біріне және ауру туысына күтім жасап отырған маманға ыңғайлы немесе толық емес жұмыс уақыты қарастырылмақ.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
Осы өзгерістердің барлығы мемлекеттік қызметтің сервистік және клиентке бағдарланған жаңа моделін қалыптастырады. Осындай мемлекеттік қызмет Қазақстанға терең трансформациялар жағдайында және Президенттің стратегиялық бағыттарын жүзеге асыру үшін қажет.
Мемлекеттік қызметшілердің жалақысы енді кемінде үш жыл сайын міндетті түрде өсіп отырады. Сондай-ақ еңбек өтілі кемінде 25 жыл болған қызметшілер үшін зейнетке шыққанда 4 айлық жалақы мөлшерінде міндетті төлем қарастырылған. Осылай салаға серпін беріп, ел мүддесі үшін жұмыс істейтін жандарды ынталандыру керек-дейді депутаттар. Себебі қазір көп адамның мемлекеттік қызметтен жерінгені жасырын емес деп отыр.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Шынын айту керек мемлекеттік қызметке барам деушілердің легі азайып бара жатыр. Кейбір облыстарда әкімнің орынбасарын таба алмай жүрген адамдар бар, ауданға, басқаға дегендей. Яғни мемлекеттік қызметтің қадірі оның ішінде жүрген адамдардың өзін жақсы сезінуі. Әлеуметтік тұрғыдан, экономикалық тұрғыдан, құқықтық тұрғыдан.
Иә мемлекеттік қызметкер десе көпшіліктің көзіне бірден әкім мен министрлердің ғана елестейтіні рас. Алайда бұл ұғым әлдеқайда кең. Халыққа қызмет көрсететін орталықтағы операторлардан бастап, құжат рәсімдеп, түрлі бағдарламаларын жүзеге асырып жүрген қарапайым кадрлардың бәрі - осы саланың өкілдері.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мемлекеттік қызметкерлерсіз, қызметшілерсіз біздің мемлекетіміздің мықты дамуы мүмкін емес. Біздің барлық реформаларды іске асыра алмаймыз. Мемлекеттік қызметте сыйақы беру керек деп мен санаймын. Олардың жалақысы өсуі қажет. Өйткені жалақысы дұрыс болмаса мемлекеттік қызметке мықты, білімді, білікті азаматтар жұмыс істемейді.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілердің саны шамамен 84 мыңға жуық. Оның ішінде әйелдер – 56%, ерлер – 44%. Жаңа заң жобасы осы қатардағы маманның әлеуметтік жағдайын жақсартуға және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын көтеруге бағытталған. Құжат алдағы уақытта Мәжілісте екінші оқылымда қаралады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы