Юджи: Қазақ-жапон бір туған
Бүгін ұлттық киім күні. Бельгиядағы қазақстандық студенттер қауымдастығының мүшелері ұлық мерекені еліміздің осы мемлекеттегі елшілігінде атап өтті. Мерекелік кездесуге танымал жапондық блогер, полиглот Юджи Белеза арнайы қатысты. Әлеуметтік желіде елімізді шетелдіктерге жарнамалап жүретін саяхатшы блогер Қазақстанның туризм елшісі.
Жапондық Юджи Белеза шетелдіктерге Қазақстан жайлы ақпарат, қазақстандық шоколад таратып танымал болды. Қазір әлеуметтік желіде оның 7 млн- ға жуық жазылушысы бар. Полиглот 15 тілде еркін сөйлеу арқылы көптің көңілін жаулаған. Қазақшаны онлайн үйреніп, Қазақстанға бес рет сапарлапты.
Юджи Белеза, блогер, Қазақстанның туризм елшісі:
Мен Қазақстанды жақсы көремін. Менің қанымда қазақ бар. Мен өте қуаныштымын. Етті сағындым, бауырсақты сағындым.
Бельгиядағы Қазақстан елшілігіне келіп, ыстық бауырсақтан дәм татып, Юджи сағынышын басқандай болды. Корольдікте білім алып жатқан қазақстандық студенттермен ұлттық киім мерекесін бірге тойлап, салт-дәстүр, мәдениет жайлы пікір алмасты. Жапон жігіті енді домбыраның құлағында еркін ойнауға құштар.
Юджи қазақтың ұлттық ойындарының да жанкүйері. Елшілікте асық ойнаудан қазақ жастарын шаң қаптырып, кәдесыйды қанжығасына майлады. Сонан соң сыртта садақ атып көрді. Қаны қазақ болмаса да, жаны қазақ.
Юджи Белеза, блогер, Қазақстанның туризм елшісі:
Шымкент, Түркістан, Ақтау, Алматы, Астана, бар қала жақсы көрем. Ең қонақжай адамдар қазақтар. «Қазақ-жапон бір туған».
Еліміздің мәдениеті мен табиғатын әлемге насихаттауға қосқан үлесі үшін Юджи Қазақстанның туризм елшісі атанған. Енді осы жауапкершілікті абыроймен арқалап, ұлы даланың бар жауһарын жаһанға кеңінен танытуды көздейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы