Президент жаңа Конституцияны іске асыруға арналған Жарлыққа қол қойды
Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа салтанатты түрде қол қойып, референдумге атсалысқан азаматтарға алғысы мен ризашылығын білдірді. Ал Конституция күні мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтіледі.
Жаңа Конституция тұғырға қонды. Тарихи құжат жарлықпен қуатталды. Бұл әділдіктің, теңдіктің темірқазығы. Халық Конституциясын референдум арқылы қабылдаған халықтың өзіне президент алғысын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл референдум берекелі бірлік пен ырысты ынтымағымыздың тағы бір өнегелі көрінісі және нышаны болды. Біз халқымызға тән нағыз отаншылдық рухын сезіндік, олардың риясыз қолдауына куә болдық. Мемлекет тағдырына бей-жай қарамай, дауыс беру науқанына атсалысқан барша азаматқа зор алғыс айтамын.
Референдумға ең белсенді қатысқан аймақ –Қызылорда облысы. 93,04 пайызбен көш бастап тұр. Сол Сыр елінде 1984 жылы құрылысы басталып тоқтап қалған, Жезқазған-Қызылорда жолы салынды. Сексеуіл-Бейнеу жобасы басталайын деп жатыр. Қызылорда қаласында кеңестік кезеңнен бері ыстық су жоқ еді. Үкіметтен 26 млрд теңге бөлініп, инвестор тағы 500 млн доллар құйып, екі жылда жаңа жылу электр орталығы салынды.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
Соның барлығын қызылордалықтар зор ризашылықпен қабылдап жатыр. Президентіміз бен Үкіметімізге риза. Референдумға барлығы қатысты. Әсіресе, бізде ауылдарда ол мереке ретінде өтеді. Өйткені біз қазақи өңірміз. Алдағы уақытта да Мемлекет басшының саяси реформаларын қызылордалықтар құрметпен қолдайды.
Мұндай мысалды әр өңірден табуға болады. Сол себепті болар, референдум де тұтас елдің белсенділігі байқалды. Ата заң қабылданды. Бірақ жаңғыру жолы енді басталып жатыр. Алда ауқымды жұмыс бар. Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізіледі. Сонымен қатар сегіз конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет. Заң шығару үдерісі алдағы парламент сайлауымен қатар жүреді. Сайлауды жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отыр.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Парламентке ең үлкен салмақ түсейін деп отыр. Себебі, алдыңғы қатардағы, алдағы өтетін сайлауларды, басқа науқандарды бастап кететін заңдардың тізбесі бар. Кем дегенде 7 конституциялық заң мен 40 қарапайым заңдарға өзгертулер мен толықтырулар ену керек. Кейбір заңдарды қайтадан жазып шығуға тура келеді.
Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, заң мен тәртіпті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады. Олардың арасында әріптестеріміз де бар.
Армангүл Тоқтамұрат, Qazaqstan телеарнасының продюсері:
Тамшыдай болса да үлес қостым деп ойлаймын. Енді Президент айтып жатыр ғой, бұл жастардың Ата заңы деп, шынымен, ол Ата заңда ол жастардың арманы, мақсат мүдделерінің орындалуына барлық жағдай жасалған.
Дихан Қамзабекұлы, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры:
Президент жаңа сапа деген сөзді жақсы айтты. шынында да еліміздің сапасы ол заңның деңгейіне байланысты. Ата заң даярланды, енді басқа да заңдар, біздің елдікке, экономикамызға, әлеуметтік дамуымызға, мәдени дамуымызға әсер ететін заңдар да жасалынуы керек. Заңның халықшылдық кезеңі енді жүзеге асады.
Президент сөз соңында Конституция кепілі ретінде бас құжаттағы ережелердің мүлтіксіз орындалуы үшін бар күш-жігерін салатынын айтып, Жаңа Конституцияға сәйкес адал қызмет етуге серт берді. Халықтың таңдауымен түзіліп, президенттің антымен қуатталған бұл ата заң Әділетті Қазақстанның төлқұжаты болмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы