Қарағанды облысында 510 адамға қайтарымсыз грант беріледі
Қарағанды облысында 500-ден аса адамға кәсіп ашу үшін қайтарымсыз грант берілмек. Өңірде жеке ісін бастағысы келетін жандарды қолдау жалғасуда. Олардың ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ жаңадан қоныс аударғандарға бизнес ашу қолжетімді бола түспек.
Теміртау қаласының тұрғыны, Галина Кривец ерекше баланың анасы. Ол мемлекеттік гранттың арқасында өзінің бизнес идеясын жүзеге асырған. Арнайы берілген бір жарым миллион теңге ақшаға апсайклинг бағытындағы шеберхана ашқан. Мұнда ескі заттарды өңдеп, жаңа бұйымдар жасау үшін киім тігу, тоқыма тоқу сынды түрлі тұрмысқа қажетті істерді үйретеді.
Галина Кривец, Теміртау тұрғыны:
Егер мен үнемді тұтыну мәдениетін адамдарға үйрете алсам, олар оны өз отбасында пайдаланады. Балаларын да соған баулиды. Осылайша кәсібімнің қоғамға пайдасы тиеді. Қазір табысым жақсы. Бізге мұндай мемлекеттік қолдау көрсеткені үшін алғысым шексіз!
Өткен жылы Теміртауда өз ісін ашуға және дамытуға қолдау ретінде 17 адамға грант берілді. Қаржылай қолдау алмас бұрын болашақ кәсіпкерлер «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқу курсынан өтіп, сертификат алады. Ал өңірде 510 бастаушы кәсіпкер мемлекеттік грантына ие болмақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Бизнес бастауға үлестірілетін қаражаттың басым дені әлеуметтік осал топқа жататын жандарға беріледі.
Бұл шаралар азаматтарға жұмыссыз мәртебесінен кәсіпкер мәртебесіне өтуге шынымен де көмектеседі. Тұрақты әрі орнықты табыс табуға мүмкіндік беріп, ертеңгі күнге деген сенімді арттырады. Мемлекет қажетті жағдай жасап, мүмкіндіктер ұсынады, ал әрі қарайғы табыс адамның өз ісін дамытуға деген бастамашылдығына, жауапкершілігіне және ұмтылысына байланысты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы