Басты Жаңалықтар Шілденің бірінен бастап Жаңа Ата заң күшіне енеді

Шілденің бірінен бастап Жаңа Ата заң күшіне енеді

Сонымен бүгін ресми түрде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Референдумға қатысқан 8 миллионға жуық азамат қолдап дауыс берген. Бұл электораттың 87,15%-і. Саяси науқанның түпкілікті қорытындысын Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров жариялады. Әріптесім Асылбек Данияр жалғастырады.

Бүгін ел тағдырын айқындайтын маңызды шешім қабылданды. Қазақстан жаңа кезеңге қадам басты. Орталық референдум комиссиясы: Жаңа Конституцияға қатысты референдум ресми түрде өтті және Қазақстанның басты құжат қабылданды, деп жариялады.

Нұрлан Әбдіров, ҚР ОРК төрағасы:

Осылайша «Республикалық референдум туралы» заңнамадағы елдің 20 өңірінің үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамының оң шешімді жақтап, дауыс беру туралы талап сақталды. Сондықтан жаңа Конституция қабылданды деп танылады.  

Таңдауды халық жасады. Орталық референдум комиссиясы берген дерекке сүйенсек, дауыс берушілер тізіміне енген 12,4 млн адамның 9 миллионнан астамы бюллетень алған. 8 миллионға жуығы жаңа Конституцияны «қабылдаймын» деп дауыс берген. 898 мыңы қарсы екенін білдірген. Сондай-ақ, 146 мың бюллетень «жарамсыз» деп танылса, тағы 127 мыңын комиссия есепке алмаған. Саяси науқанда 137 мыңнан астам жас бірінші рет дауыс берген. Мүгедектігі бар 46 мыңнан аса адам таңдау жасаған.

Нұрлан Әбдіров, ҚР ОРК төрағасы:

Байқаушылар дауыс беруші жастар санының артқанын және мүгедектегі бар адамдардың дауыс беруі үшін комиссия мүшелерінің барлық ұйымдастырушылық техникалық жағдайды қамтамасыз еткенін, дауыс беру учаскелерінде жақсы ахуал қалыптасқанын ерекше атап өткенін айтуға болады.

Саяси науқанды 359 халықаралық байқаушы бақылады. Шетелден келген 206 журналист ақпарат таратты. Ел бойынша аккердиттелген 256 қоғамдық бірлестік өкілі, коммерциялық емес ұйымның 45 мыңға тарта мүшесі байқаушы ретінде қатысқан. Сондай-ақ, референдум барысы туралы отандық масс медианың 1800 өкілі соңғы жаңалықтардан хабар беріп отырды.

Референдум күні 54 елде 71 дауыс беру учаскесі жұмыс істеді. Дауыс беруге құқылы 14 мыңнан астам азаматтың 13 мыңға жуығы таңдау жасаған.

Асылбек Данияр, тілші:

Орталық референдум комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова дауыс беру күні аумақтық референдум комиссияларына 35, орталыққа 29 өтініш түскен. Көпшілігі комиссиялардың жұмысы мен шетелдегі дауыс беру, сондай-ақ референдумға қатысы жоқ мәселелер. Оған заңнамаға сәйкес жауап берілді, - деді. Сонымен бірге, дауыс беру қорытындысы бойынша сотқа 2 арыз берілген.

Әсел Жанәбілова, ОРК мүшесі:

Біріншісі Ақтөбе облысындағы Брайль қарпінің оқылмауы мәселесіне қатысты болса, екіншісі Астанадағы учаскелік комиссияның бақылаушыны шығару туралы шешіміне қарсылық білдіруге байланысты.  Аталған талап-арыздарды қарау нәтижесінде талапкерлердің уәждері расталмады. Осыған байланысты соттар оларды қанағаттандырудан бас тартты.

Бұл – жай ғана саяси науқанның қорытындысы емес. Елдің алдағы бағытын белгілеген нақты таңдау.

Асылбек Данияр, тілші:

Айта кетейік, қазіргі Конституция маусымның соңына дейін қолданыста болады. Ал шілденің бірінен бастап Жаңа Ата заң күшіне енеді. Басты құжат 11 бөлім 96 баптан тұрады.


Бөлісу