«Cinema Palace» кинотеатрындағы фильмді тамашалауға, Канн фестивалінің лауреаты Самал Еслямовамен танысуға көпшілік елдің түкпір-түкпірінен келген.
Еуропалық институттардың өкілдері, елшілік қызметкерлері мен қазақ диаспорасының мүшелері туындыны тапжылмай тамашалады. Қырғызстаннан Мәскеуге еңбек етуге келген қыздың қиын тағдыры, мигранттар мәселесі көрерменнің көзіне жас алдырды. Айканың рөлін үздік сомдаған Самал Еслямоваға көпшілік қошаметті жаудырып, фильмнен соң емін-еркін әңгімелесті. Қазақ қызының қарапайымдылығы, кәсіби шеберлігі еуропалықтардың таңдайын қақтырды.
Коко Вутер, режиссер:
- Бұл - расында ғажап фильм. Басынан аяғына дейін бас кейіпкер - Айканың тағдырына алаңдап отырдық. Туындыдағы әлеуметтік теңсіздік жүректі шымырлатса, мал дәрігері мен еден жуушы әйелдің жылы қарым-қатынасы езуімізге күлкі ұялатты. Айканың рөлін Самал керемет сомдады. Өте мықты актриса.
Базель Глор, кәсіпкер:
- Бұл - ауыр фильм. Бірақ драманың желісі шекара, уақыт талғамайды, бәрімізге ортақ. Көмекке зәру адамнан сырт айналып кететін бүгінгі қоғамның бет-бейнесі көңілімді түсірді. Фильм жүрегімді елжіретті.
Самал Еслямова, Канн фестивалінің жүлдегері, актриса:
- Өнер арқылы көпшілік мемлекет туралы біліп жатады. Елімізді өнер алқылы әлемге таныту үшін әрі қарай жұмыс істеп, бар күш-жігерімді саламын.
Нұрсұлу ҚАСЫМ