Аида Балаеваның қатысуымен дипломатиялық корпусқа арналған «Наурыз балы өтті»
Астанада Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен «Наурыз балл» дәстүрлі шарасы өтті. Ұлттық мерекеге арналған іс-шара үшінші жыл қатарынан дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдерін жинап отыр. Аталмыш бал Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жылы бекітілген «Наурызнама» онкүндігі аясында Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай ұйымдастырылды.
Қазақ халқының өмір салты мен дәстүрі табиғатпен астасып жатыр. Сондықтан мерекелік кештің атмосферасы ұлттық нақышқа толы болды. Биылғы «Наурыз балдың» мәні ерекше. Өйткені Ұлыстың ұлы күні еліміз үшін маңызды тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Күні кеше халқымыз жаңа Ата заң үшін таңдау жасап, ел дамуының жаңа белесіне қадам басты. Осы орайда Аида Балаева бұл шешімнің ел болашағы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, демократиялық жаңғыру мен ұлттық дәстүр сабақтастығы – Қазақстанның даму жолындағы берік көпір.
Даце Рудка, Латвияның Қазақстандағы елшісі
Мен Қазақстанға былтыр тамыз айында ғана келгенмін. Бұл мен тойлап отырған бірінші наурыз. Өте қуаныштымын. Мұндай ауқымды шараны бірінші рет көріп отырғандықтан, өте әсерлі болып жатыр. Бай дәстүрлеріңізді тереңірек танығым келеді. Болашақта елдеріңізбен саяси экономикалық байланысты ғана емес, дәстүрлер байланысын да арттыруға күш салғым келеді.
Премьер-министрдің орынбасары жаңа Конституцияда қоғам дамуының жаңа құндылықтары бекітілгенін айтты. Онда тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті ұлықтау мемлекет дамуының негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалған. Қазақстан әрдайым халықтар достығы мен өркениеттер диалогын дамытуға басымдық беріп келеді. Наурыз мерекесінде ондаған елдің өкілдерінің бір дастарқанда бас қосуы осы достықтың символы іспетті.
Сархан Актопрак, Қазақстандағы БҰҰ көші-қон агенттігі халықаралық көші-қон ұйымының басшысы:
Наурыз құтты болсын. Бұл мереке Қазақстан ғана емес, тұтас аймақ үшін аса маңызды. Мен қазақстандықтарды, әдеттеріңіз бен ғұрыптарыңызды қатты құрметтеймін, жақсы көремін. Әр салттарыңызда терең мағына, фальклерлық өнерлеріңізде табиғатпен үйлесім бар.
Мерекелік бағдарламада шетелдік қонақтарға қазақ халқының мәдени мұрасы таныстырылды. Фольклорлық ансамбльдер мен дәстүрлі музыканттар өнер көрсетіп, ұлттық әуендер кештің сәнін келтірді. Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, дәстүрлі ойындарға да қатысты.
Іс-шараға 70-тен астам елдің елшілері, дипломаттар мен халықаралық ұйым өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мәдени кездесулер елдер арасындағы рухани байланысты нығайтып, халықтар достығын дамытуға ықпал етеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы