Бірнеше өңірде ЖЭО салынады
Семей қаласына жедел түрде Жылу электр орталығы қажет. Мамандар мұны айтып келе жатқалы биыл 20 жылдан асты. Алайда мәселе жылда қыс біте естен шығады. Немесе әкімдер ауысып, жаңадан келгені жоспарды жылы жабады. Енді Президент түрлі сылтауды қойып, түйткілді түбегейлі шешуді тапсырды. Күні кеше ғана болған мәслихат депутаттарымен кездесуінде өңірлердегі жылу орталықтарын жөнге келтіруді тағы бір шегеледі. Енді бұйырса еліміздің энергетика саласын алдағы жылдары ауқымды өзгеріс күтіп тұр. Ержан Жақыптың материалы.
Ержан Жақып, Тілші:
Қазір Семей қаласында 20-дан астам қазандық бар. Дені ескірген. Тіпті кейбірінің салынғанына жарты ғасырдан асып кеткен. Ескінің аты ескі. Әупіреңдеп әрең тұрған қазандықтар істен шығатын болса, тұрғындар кез келген уақытта жылусыз қалуы мүмкін.
Темір жол бекеті маңындағы ғимараттар мен тұрғын үйлерге жылу беретін мына қазандыққа жетпіс жыл болған. Тоз-тозы шыққан. Әйтеуір жыл сайын қаржы бөліп, жамап-жасқағанның арқасында ғана шыдап тұр.
Ғабдұлшүкір Әбдірахманов, Қазандық бастығы:
Қазандықтардың бәрі ескі. 4 маусым істеп келе жатырмын. Оның ішінде 6 котел ауыстырдық. Қанша айтқанмен 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз.
Қазірдің өзінде шаһардың оң жағалауында 146 Гкал жылу тапшылығы бар. Қайтадан құрылған облыс орталығына жергілікті басшылар заманауи жаңа ғимараттар, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды салғысы-ақ келеді. Бірақ жылудың жеткіліксіздігі қолбайлау. Сондықтан созбай биылдан бастап Жылу электр орталығын салу үшін келісім жасалды.
Серік Төленбергенов, облыс әкімінің орынбасары:
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Самрұқ-Энерго» АҚ келісімшартқа отырып, биыл 2026 жылы бастауды жоспарлап жатыр. Аяқтау 2029 жыл 4-тоқсанда. Былай жалпы құны 1 млрд АҚШ долларынан астам.
Жаңа Жылу электр орталығы салынса, қалада қаптап тұрған ескі қазандықтар жойылады. Шаһардың тозған жылу желілері де жаңаланбақ. Семейден бөлек мұндай уақыт күттірмейтін мәселе Президент тапсырмасымен тағы бірнеше өңірде шешімін таппақ.
Дәурен Смағұлов, ҚР Энергетика министрлігінің басқарма басшысы:
Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында тездетіп жаңа Жылу электр орталықтарын салу міндеті қойылды. Түркістан мен Қызылордағы бу-газ қондырғылары базасында жаңа электр станциялары іске қосылмақ. Биыл 440 тан аса қосалқы станция мен 17 мыңнан аса шақырымды құрайтын электр желісін жаңғырту қарастырылған.
Енді Мемлекет басшысының берген пәрменін жергілікті әкімдердің әрмен орындауы ғана қалды. Ірі Жылу энерго орталықтары құрылысымен қатар өңірдерде 9 энергоблок пен 51 турбина күрделі жөндеуден өтпек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы