Дауыс бергендердің 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдады
Референдумда дауыс берген азаматтардың 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдады. Яғни 8 миллионға жуық адам оң шешімді жақтаған. Бүгін Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров саяси науқанның алдын ала нәтижесін жариялады. Бұдан бөлек, шетелден келген халықаралық байқаушылар да референдумды қорытындылады. Толығырақ әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтады.
9 миллион адам. Бұл референдумда бюллетень алып, таңдау жасаған халық саны. Орталық референдум комиссиясының ақпаратына сүйенсек, оңтүстік жұрты белсенді болды. Әсіресе Қызылорда облысы. Дауыс беруге құқығы бар тұрғындардың 93 пайыздан астамы азаматтық позициясын білдірген. Сондай-ақ Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қарағанды өңірінің халқы да жоғары деңгейде қатысты.
Алдын ала нәтиже мынадай: дауыс беруге құқығы бар 12 жарым миллионға жуық азаматтың 9 миллионнан астамы бюллетень алған. Соның ішінде 8 миллионға жуығы жаңа Конституцияны «қабылдаймын» деп дауыс берген. Таңдау жасағандардың 898 мыңы қарсы екенін білдірген. Сонымен бірге бюллетеньдердің 146 мыңы «жарамсыз» деп танылса, тағы 127 мыңын комиссия есепке алмаған.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы:
Республикалық референдум туралы заңнамасының нормаларына сәйкес, егер референдуға қатысуға құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса «референдум өтті» деп саналады. Республикалық референдумға шығарылған мәселе бойынша, облыстардың, респубикалық қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.
Қазақстан референдумды жоғары деңгейде өткізді. Дауыс беру және санау рәсімі заң талаптарына сай жүргізілді. ТМД байқаушылар миссиясы елімізде болған саяси науқанды осылай қорытындылады. Референдум барысын миссия құрамындағы 161 халықаралық байқаушы бақылаған.
Игорь Петришенко, ТМД байқаушылар миссиясының басшысы:
Миссия ашықтық, бейтараптық және мемлекеттің ішкі істеріне араласпау қағидаттарын сақтап, еркін әрі тәуелсіз жұмыс істеді. Референдум күні миссия өкілдері Қазақстанның тоғыз өңіріндегі 750-ден астам учаскеге барды. Сонымен қатар өкілдеріміз шетелдегі учаскелерде де бақылау жүргізді.
Қазақстан жастары елдегі саяси өзгеріске бей-жай қарамады. Түркияның Жоғарғы сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенер референдумда жастардың белсенді болғанын ерекше атап өтті. Ол саяси науқанның ашық, әділ және қауіпсіз жағдайда өткенін айтты.
Ахмет Йенер, Түркия Республикасы жоғарғы сайлау кеңесінің төрағасы:
Қазақстандағы конституциялық өзгерістерге байланысты өткен референдумды бақылау біз үшін үлкен тәжірибе болды. Дауыс беру учаскелеріне азаматтардың балаларымен бірге келіп, өз таңдауын жасағанын көру демократиялық үдерістің айқын көрінісі. Әсіресе жастар мен егде жастағылардың белсенділігі қуантты.
Референдум барысын 38 ел мен 11 халықаралық ұйымның 359 өкілі бақылады. Сонымен бірге елдегі 256 қоғамдық ұйым өкілдері де байқаушы болды. Айта кетейік, Орталық референдум комиссиясының референдумның қорытынды нәтижесін апта соңына дейін жариялауы тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы