Түркістандағы қыз-келіншектер киіз басуды үйреніп жүр
Жүннен жәдігер, киізден кәде сый. Түркістан төрінде ұлтымыздың ежелгі өнері заманауи трендке айналды. Қырғыз елінен арнайы келген шебер Нүрия Исақова бүгінде жергілікті қыз-келіншектерге табиғи өнімнен түрлі бұйым жасап, оны кәсіпке айналдыру үшін қолқабыс етіп жүр.
Нүрия Исақовадан ұлттық қол өнерді үйренем деген қыз-келіншек көп. Өйткені олар таза өнімнен тұрмыстық бұйымдар мен балаларға арналған экологиялық таза ойыншық жасауды үйренуге ынтық.
Кәсіби қолөнершінің арғы тегі киіз басудың хас шеберлері. Тұтас түркі жұртына тиесілі дәстүрді дәріптеп жүрген ол бұл қызметі үшін ақы алмайды. Мақсатым – өнерді насихаттау, - дейді шебер.
Нүрия Исақова, шебер:
Киіз дүниесі өте кең. Бас киімнен бастап аяқ киімге дейін жасауға болады. Өнеріміз өліп кетпеуі керек, бұл ұрпаққа таралу керек. Барлық бұйымды үйретемін, қабырғада тұратын үлкен суреттерге дейін. Тек ынта болса болды. Түркістанға келгеніме қатты қуанамын, қаланы ерекше жақсы көремін.
Шебер тек ісмерлікпен ғана шектеліп жүрген жоқ. Әлеуметтік желі арқылы онлайн сабақтар өткізіп, қолөнердің баршаға қолжетімді екенін көрсетіп жүр. Бұл – ұлттық кодты сақтаудың өзіндік жолы екенін айтады. Сондай-ақ ұрпақтар сабақтастықтың алтын көпірі дейді.
Роза Асылбаева, Түркістан тұрғыны:
Келінім де осы дүниені үйренсін. Шашақ жасадық үйге, ары қарай киізден келінім кішкентай үйдегі немереме кішкене күртеше жасап жатыр. Алдағы уақытта осы дүниені табыс көзіне айналдыру ойымызда бар.
Ғасырлар қойнауынан жеткен киіз басу өнері Түркістанда жаңаша түлеп, аналардың кәсібіне, балалардың көз қуанышына айналды. Айта кетейік, Түркістандағы оқушылар сарайы қолға алған «Ісмер ана» жобасы аясында 85 ана түрлі қолөнер сабақтарына қатысып, кәсіп меңгеруде.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы