Жаңа Конституцияны 7, 9 миллион адам қолдаған
Сегіз миллионға жуық азамат жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді. Ақпаратты Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты. Саяси науқанның алдын ала нәтижесі бойынша дауыс беруге құқығы бар 12 млн 400 азаматтың 9 млн 400 мыңы бюллетень алған. Бұл электораттың 73,12%-ы. Таңдау жасағандардың 87,15% «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұраққа «Иә, қабылдаймын» деген бағанды белгілесе, 898 мыңы қарсы екенін білдірген. Сонымен бірге, алынған дауыс беру парақшасының 146 мыңы жарамсыз деп танылды. Тағы 127 мыңы есепке алынбаған. Референдумды өткізуге жауапты орган өкілдерінің айтуынша, дауыс беру бойынша Қызылорда облысы өте белсенді болды. Халықтың 93,4 проценті азаматтық позициясын білдірген. Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан облыстары да алдыңғы қатарда. Осылайша Орталық референдум комиссиясы аумақтық референдум комиссияларының берген нәтижесі бойынша жаңа Конституцияны қабылдау туралы алдын ала қорытынды шығарып отыр.
Нұрлан Әбдіров, ҚР ОРК төрағасы:
«Республикалық референдум туралы заңнаманың» нормаларына сәйкес, егер референдуға қатысуға құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, «референдум өтті» деп саналады. Республикалық референдумға шығарылған мәселе бойынша облыстардың, респубикалық қалалардың және Астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМНЫҢ АЛДЫН АЛА НӘТИЖЕСІ
ДАУЫС БЕРУГЕ ҚҰҚЫЛЫ: 12 482 613
ДАУЫС БЕРДІ: 9 127 192 / 73,12%
ҚОЛДАДЫ: 7 954 667 / 87,15%
ҚАРСЫ: 898 099 / 9,84%
ЖАРАМСЫЗ БЮЛЛЕТЕНЬ: 146 558 / 1,61%
ЕСЕПКЕ АЛЫНБАҒАН: 127 868 / 1,4%
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы