Басты Жаңалықтар Еуропадағы қазақстандықтар белсенді дауыс беруде

Еуропадағы қазақстандықтар белсенді дауыс беруде

Еуропада референдум учаскелерінің жабылуына 2-3 сағат уақыт қалды. Өзінің конституциялық құқын пайдалануға асыққан қандастарымыз соңғы сағаттарда ерекше белсенділік танытып жатыр. Қарт құрлықтың бірнеше еліндегі дауыс беру науқаны жайлы тілшіміз Нұрсұлу Қасымның бейнематериалында.

Финляндиядағы Қазақстан елшілігі жанынан ашылған референдум учаскесіне жерлестеріміз таң атқаннан жиналды. Елдің болашағы үшін маңызды шараның мән-мағынасын жас ұрпақтың санасына кішкентайынан сіңірейін деп көбісі балаларын ерте келген.

Грекиядағы қандастарымыз да азаматтық борышын өтеу үшін Афинадағы елшілікте орналасқан №440-сайлау учаскесіне асықты.

Анар Айтмағанбетова, Студент:

Менің ойымша әр азамат өз елінің болашағына бей жай қарамауы керек. Біз шетелде жүрсек те Қазақстандағы болып жатқан өзгерістерге өз дауысымызды, өз үлесімізді қосу біздің азаматтық міндетіміз.

Мажарстандағы Қазақстан елшілігінде дауыс беруге тіркелген 263 адамның дені түс ауғанша азаматтық борышын өтеп үлгерді. Арасында жезқазғандық жиҺанкез Сәрсенбай Қотырашев та бар. 76 жастағы ақсақал Еуропа елдерін жаяу аралап жүр. 4-наурызда Сербия астанасы Белградтан жолға шыққан ол бүгін Будапештке жетіп, референдумға қатысты.

Сәрсенбай Қотырашев, Жиһанкез:

Жастарға айтатыным, білімін шыңдап, сол білімді толық меңгеріп, өз мемлекетіңе өз ұлтыңның алдында парызыңды өте. Егер денсаулығым күшті болады десең күніне  7 км жаяу жүр.

Италиядағы Қазақстан елшігінде орналасқан референдум учаскесінде Отандастарымыз дауыс беру үшін ұзын-сонар кезекке тұрды. Римге келе алмаған қазақстандықтар үшін комиссия мүшелері жылжымалы жәшіктерді алып, Милан қаласында көшпелі дауыс беру ұйымдастырды. Онда қазақстандық студенттер белсенділік танытуда. Референдум комиссиясының мүшелері кешкі сағат сегізге дейін Еуропадағы барлық Қазақстан азаматтары өз таңдауын жасап үлгереді деген сенімде. 

Бөлісу