Басты Жаңалықтар Бельгиядағы қазақтар белсенді

Бельгиядағы қазақтар белсенді

Еуропада референдум учаскелерінің жабылуына әлі 3-4 сағат уақыт бар. Қарт құрлықта оқу, жұмыс бабымен тұратын қазақстандықтар  белсенді дауыс беріп жатыр. Қазір бізбен Брюссельден әріптесім Нұрсұлу Қасым байланысқа шықты. Нұрсұлу, Бельгияда референдум қалай жүріп жатыр. Отандастарымыздың көңіл-күйі қалай?

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Кеш жарық, Ләйла! Брюссельдегі елшілікте орналасқан учаскеде дауыс беру белсенді жүріп жатыр. Жерлестеріміз өз таңдауын жасау үшін Бельгияның түкпір-түкпірінен ағылуда. Брюссельден 100-200 шақырым жердегі қалалалардан пойызбен, таксимен жетіп жатқандары да бар. Мына тақтадан қай шаһардан келгендерін белгілеуде. Көңіл күйлері көтеріңкі. Сұхбатты бірге тыңдайық.

Әлфия Әбдімүтәліпова, Мехелен қаласының тұрғыны:

Осында келіп, қазақтарды көріп, ана тілімді естігеніме қуаныштымын. Қазақстан азаматы ретінде өз борышымды орындадым деп ойлаймын.

Денис Киселев, Брюгге қаласының тұрғыны:

Мен Бельгияда 25 жылдан бері тұрып жатырмын. Бүгін азаматтық борышымды өтейін деп, дауыс беруге келдім. Әрі бүгін менің туған күнім. Ұлттық тағамдардан дәм татып, үйге келгендей болдым. Еліміз өркендей берсін.  

Иә, бұл жерде расында құдды қазақтың тойы болып жатқандай. Күй күмбірлеп тұр. Еліміздің Бельгиядағы елшілігі Отандастарымызды құшақ жая қарсы алып, оларға кең дастархан жайған. Елді сағынған жерлестеріміз бауырсақ, құрт ірімшіктен дәм татып мәре-сәре болып жатыр. Дауыс беруге таңертең келгендердің өзі әлі учаскеден кеткілері жоқ. Жалпы Бельгия мен Люксембургта іссапарда жүрген қазақстандықтар да кешкі сағат сегізге дейін осы жерге келіп, өз таңдауын жасай алады.


Бөлісу