«Мерейлі отбасы» да саяси науқаннан қалыспады
Маңғыстауда «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жеңімпазы атанған Бекталиевтер әулеті референдумда өз таңдауларын жасады. Үлгілі отбасы мүшелері саяси науқаннан шет қалмай, азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті. Отбасының отанасы, жетпісті алқымдаған Айша Бекталиева ел болашағына бейжай қарамайтынын айтады. Өйткені, бүгінгі қабылданатын шешімдер кейінгі ұрпақтың өміріне тікелей әсер етеді.
Мұнайлы ауданы Қызылтөбе ауылының тұрғыны Айша Бекталиева – 12 қыз бен 1 ұл дүниеге әкелген алтын құрсақты ана. Жолдасы Жұмағали Бекталы осыдан 18 жыл бұрын дүниеден өткен. Батыр ана балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп, өсіріп-жетілдірді. Бүгінде олардан 60-қа жуық немере мен жиен сүйіп, үлкен әулеттің ақылман анасына айналып отыр.
Айша Бекталиева, Қызылтөбе ауылының тұрғыны:
Бүгін енді өзімнің отбасыммен, немерелеріммен, келін балдарыммен келіп тұрмын. Осы дауыс беру маңызды деп ойлаймын елім үшін. Балалардың болашағы, дендері сау болсын. Отбасымыз аман болсын. Осы сәтті пайдаланып наурыз мерекесімен құттықтаймын бәріңізді.
Бекталиевтер отбасында қарапайын ата-анадан өнген ұл-қыздар бүгінде түрлі салада еңбек етіп, өңірдің дамуына үлес қосуда. Олар былтыр «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жеңімпазы атанды. Референдум учаскесінде осы жанұяға ерекше құрмет көрсетіліп, олардың өнегелі өмір жолы көпшілікке үлгі болды.
Ернар Жиенбаев, №208 референдум учаскесінің төрағасы:
Алғаш дауыс берушілерге 18 жасқа толған кәмелетке толған ол кісілерге де сый-сыяпат таратылды және ауылымыздың мерейлі отбасы жеңімпазын көп балалы анаға марапат беріліп отыр. Жалпы біздің ауылымыздың тұрғындары осындай іс-шараларда белсенді.
33 мыңға жуық халқы бар Қызылтөбе ауылында 7 референдум учаскесі жұмыс істеп жатыр. Тұрғындар саяси науқанға белсенді атсалысуда.