Қостанай облысы: Дауыс берушілердің 38%-ы ауылдан
Қостанай облысында барлығы 536 мыңнан аса азамат дауыс беруге құқылы болса, соның 38 пайыздан астамы ауыл тұрғындары. Ел болашағы үшін маңызды таңдау жасауға ауыл халқы да белсенді қатысып, референдум учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасап жатыр. Өңірдегі саяси науқан барысын әріптесім Мәдина Нағашыбай баяндайды.
18 жастағы Заречное ауылының тұрғыны Абылайхан үшін бұл күннің маңызы зор. Себебі ол алғаш рет мемлекеттің толыққанды азаматы ретінде ел ертеңіне ықпал ететін шешім қабылдады. Дауыс беру үшін учаскеге арнайы ерте келіпті. Ата-анасы ұлдарының қадамын қолдай келген. Олар да әр тарауды таразы басына салып, таңдау жасады. Жалпы өңірде Абылайхан сынды 5285 азамат саяси науқанға қатысу құқын иеленді.
Абылайхан Жандарбек, Заречное ауылының тұрғыны:
Биыл мен 18 жасқа толып, алғаш рет референдумға қатысып отырмын. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Және осындай елдің қамы үшін әрбір жас үлес қосуына міндетті деп ойлаймын.
Ербұлан Жұмағұлов, Заречное ауылының тұрғыны:
Көпбалалы отбасымыз, иә. 5 баламыз бар. 3 ұлым, екі қызым бар. Бір немерем бар, келінім бар. Үлкен ұлымыз да дауыз берді. Екінші ұлым бүгін бірінші рет дауыс беріп жатыр. Елімізде ертең ұрпағымыз жақсы өмір сүрсе дейміз. Жастарымыз тәрбие көрсін деп қазақы ұлттық киімімізді әрқашан да өзіміз киіп жүреміз. Еліміздің болашағы жарқырай берсін деймін!
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Қаланың іргесінде орналасқан Заречное ауылында таңнан бері кісі қарасы қалың. Азаматтар өз таңдауын жасауға ағылып кеп жатыр. Ауылдық округте барлығы 13 мыңнан аса тұрғын бар. Соның 8870 дауыс беруге құқылы. Наурыз мейрамымен тұспа тұс келген бұл күннен мерекенің лебі сезіліп-ақ тұр. Ұлттық киім киінген адам көп.- Апа, сәлеметсіз бе? Көңіл күй қалай?
Бұлбұл Таймасова, Заречное ауылының тұрғыны:
Өте жақсы, тамаша! Мынау Наурыз мерекемізбен тұспа-тұс келіп жатқан заң қабылдау мерекеміз құтты болсын! Өте қуаныштымыз алдағы уақытта болашағымыз үшін, балаларымыз үшін, еліміз үшін! Еліміз жұртымыз аман болсын!
Индира Бектұрсынова, №881 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы:
Референдум учаскеміз жаңадан ашылғандықтан бізде қазіргі таңда 901 адам тіркелген. Таңғы жетіден бастап халық өте белсенді қатысуда. Дауыс берушілерге барлық жағдай жасалды. Сағат жетіден бастап алаңымызда жәрмеңке өтіп жатыр, халықты біз бауырсақпен, ыстық шаймен, көжемен қарсы алдық. Әр партиядан бір бақылаушыдан. Яғни 4 бақылаушымыз бар.
Жалпы облыста 717 референдум учаскесі болса, соның 73 пайыздан астамы ауылды елді мекенде орналасқан. 206 мыңнан аса ауыл тұрғыны тұрғылықты мекенжайы бойынша барып, референдумға қатыса алады.