Сыр елінің белсенділігі жоғары
Қызылорда облысында референдумға қатысушы халықтың белсенділігі жоғары. Аймақта 492 мыңнан астам адам дауыс беру құқығына ие болса, соның ішінде ең қарты 105 жаста. Тілшіміз Әділбек Серікұлы өңірдегі референдум барысын тарқатып айтсын.
Сыр өңірінде көзі тірі жалғыз қарт майдангер Яхия Тасыров Тереңөзек кентіндегі референдум учаскесіне алғашқылардың бірі болып келіп, өз таңдауын жасады. Ғасырдан аса ғұмыр кешкен соғыс ардагері көпке ақ батасын беріп, ізгі тілегін білдірді.
Яхия Тасыров, соғыс ардагері:
Дауыс бердім. Ұрпақтан ұрпаққа жете берсін. Ел тыныш болсын, халық аман болсын. Соғыс деген бәле болмасын.
Нағи Ілиясов ауылында ақжаулықты әжелер референдум учаскесінің алдында әннен шашу шашып, тұрғындарға керемет көңіл-күй сыйлады. Жалпы ауыл жұрты ел үшін маңызды саяси бастамаға белсенді атсалысып қана қоймай наурыз мерекесін қатар тойлады. Киіз үй тігіліп, қазан-қазан наурыз көже пісірілді. Ал жастар алтыбақан теуіп мәз-мейрам.
Шырынкүл Ахметова, еңбек ардагері:
Бұл референдумның мән-маңызы көп. Біздің балаларымыздың болашағына, немерелеріміздің болашағына өте жағдай жасайтын түрі бар. Балаларымыз бақытты болсын, өмірлі болсын. Ел тыныш болсын, заман тыныш болсын деп тілейміз.
Арал қаласында референдумге келген тұрғындар өз таңдауын жасап, қайтарда қоржынын азық-түлікке толтырып қайтты. Осы күні жергілікті кәсіпкерлер учаске алдында жәрмеңке ұйымдастырып, 20 тонна өнім базар нарығынан төмен бағада сатылды.