Басты Жаңалықтар Алматының зиялы қауымы референдум учаскелеріне келді

Алматының зиялы қауымы референдум учаскелеріне келді

Қазақтың бұлбұлы, Халық әртісі, Еңбек ері Бибігүл Төлегенова да өз таңдауын жасады. Жезтаңдай әншінің үйіне № 559 референдум учаскесінің көшпелі комиссиясының мүшелері дауыс беру жәшігін арнайы алып барды. Сондай-ақ, саяси науқанға қатысқан қазақ сахнасының аңыз тұлғасына гүл шоқтарын сыйлап, құрмет көрсетті. Тоқсанның торқасына шыққан өнер майталманы өз таңдауын жасап, бүгінгі күннің маңыздылығына тоқталды.

Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның халық әртісі:

Әр адам жақсылықты тілейді. Сондықтан, бүгінгі референдум елге жақсылық көп әкеледі деп ойлаймын. Сондықтан мен өзімнің таңдауымды жасадым. Жақсылық болсын, еліміз аман, тыныштық болсын.

Сондай-ақ сексеннің сеңгіріне шыққан, ұлттық құндылықтарды үнемі дәріптеп, салт-дәстүрді кеңінен насихаттап жүрген белгілі жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова Алматыдағы № 359 референдум учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Үнемі саяси науқанға белсене қатысатын қаламгер, «Жаңа өзгеріс – ел бірлігінің тірегі, әділетті қоғамның негізі », - дейді.

Зейнеп Ахметова, жазушы:

Бүгін енді халқымыз үшін айтулы күн ғой. Өйткені халқымыздың тағдырына соған арналған алдағы күні қалай жылжиды, қалай қарай дамиды дегендей. Қандай болғанда да осы қазақ халқының игілігіне жұмсалса екен деп тілейміз ғой. Мінекей сол үшін көңіл – күйімізді білдіріп дауыс беруге келіп тұрмыз.


Бөлісу