Өнерімен көпті тамсантқан Ержан Максим Ресейдегі байқаудан алған әсерлерімен бөлісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өнерімен көпті тамсантқан Ержан Максим Ресейдегі байқаудан алған әсерлерімен бөлісті

29.04.2019

Ресейде өткен «Голос. Дети» музыкалық байқауында жүлделі орын алған Ержан көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Ән байқауы біткен бойда кішкентай өнерпаз еліміздің бас қаласына ең ірі мәдени шараға қатысуға келіпті. Одан бұрын жеңімпазды Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қабылдап, сый-құрмет көрсетті. Қуанышы қойнына сыймаған бала Ержан байқау туралы, танымал адамдармен қалай кездескенін, олармен қалай сөйлескенін айтып, жиналғандарды күлдірді.

Ержан бұған дейін де талай ән байқауларына қатысып жүр. Облыстық, республикалық додалардан үнемі жүлделі орындарды қанжығасына байлап жүрген өнерпаз, Славян базарынан да құр қол келген жоқ. Онан соң Грузия, Латвия, Италияда өткен халықаралық ән сайыстарында көпшілік ішінен топ жарды. Ал, мына жеңісі тіптен ерек. Жыл сайын өтетін дәстүрлі телевизиялық жоба талабы таудай таланттардың жолын ашып жүр. Кіл мықтының таңдауынан сүрінбей өту де оңай емес.

Ержан Максим, «Голос. Дети» байқауының жүлдегері:

- Бұрылады деп ойлаған жоқпын. Көзімді жұмып ән айттым. Бірінші шумағы біткен соң көзімді ашсам, біреуі қарады. Қайырмасынан кейін тағы біреуі қарады. Жоғары нотаны алғанда үшіншісі де бұрылды. Өтетініміді сездім.

Көпшілік арасында өзін еркін ұстаған Ержан тілшілермен емен-жарқын әңгімелесті. Бас жүлде алмадым деп те ренжімейді. Қайта өнерімді бағалаған көрерменім көбейді деп мәз.

Ержан Максим, «Голос. Дети» байқауының жүлдегері:

- Көп адам танып жатыр. Instagram-да оқырмандар саны көбейді. Бұрын Оралдың өзі танитын еді. Қазір Қазақстанның жартысы таниды деп ойлаймын.

Ерекше даусымен көзге түскен қазақ баласын ресейлік танымал әншілер де қолдап, әйгілі Алла Пугачева жас өскінге өзінің жеке сыйлығын да табыстады. Ал, қазақтың шоқ жұлдызы Димаштың телефон соғып құттықтауы Ержанның есінде көпке дейін қалары сөзсіз.

Ержан Максим, «Голос. Дети» байқауының жүлдегері:

- Рестораннан шыққаннан кейін әуежайға бара жатқанда Димаш аға звондады. Ол маған тілектерін жаудырды. Мен оған «спасибо» дей бердім. Үйреніп қалғам. Ол маған айтты «Әй, қазақша сөйле» деді. «Кешіріңіз» деп, қазақша сөйледім.

Ержанның өнер жолындағы қызықты қарбаласы ерте басталайын деп тұр. Себебі шоудан соң бірнеше ұсыныс түсіпті.

Гүлмира Әлібек, анасы:

- «Голос. Дети» жобасына қатысып жатқанда музыкалық компаниямен 1,5 жылға келісімге отырдық. Кесілім шарты бойынша басқа компаниялармен жұмыс істеуге шектеу қойылған. Баратын жағдайда сол компаниядан рұқсат сұрауымыз керек болады.

Ержанның тегі Максим көптің ойын сан-саққа жүгіртті. «Әкесі қай ұлттан?» деген сөз желдей есті. Бақсақ - Ержанның атасының аты Мақсым екен. Құжатта Максим болып кеткен. Енді анасы көп ұзатпай туу туралы куәлігін қазақшалаймыз деп отыр.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу