Басты Жаңалықтар Елордалықтар республикалық референдумда ерекше белсенді

Елордалықтар республикалық референдумда ерекше белсенді

Елордалықтар республикалық референдумда ерекше белсенді. Жалпы Астана қаласы бойынша 508 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр. Жасы да, жасамысы да келіп, өз таңдауларын жасап жатыр.

Отбасылы Жылқыайдаровтар таң атысымен тіркелген учаскелеріне барып, таңдауларын жасады. Зейнеткерлер бұл саяси науқанды ел үшін маңызды тарихи кезең деп бағалап отыр. Олардың айтуынша, мемлекет болашағына бей-жай қарамай, азаматтық ұстанымын білдіру – әрбір қазақстандықтың міндеті.
Әшім Жылқыайдаров, Астана тұрғыны:
Референдум деген бізге, елімізге өзгеріс кіргізетін заң деп есептеймін. Зейнеткер болсақта елдің саясат жұмысынан қалыс қалмайтынбыз. Сондықтанда осында келіп, өзіміздің бірлігімізді, Қазақстанымыздың келешегі үшін дауыс беруге келіп тұрмыз.
Аға буын өкілдері болашақ үшін қадам жасар тұста әсіресе, жастардың шет қалмағанын қалайды. Өйткені бүгін қабылданатын шешімдер келер ұрпақтың болашағына әсер ететіні белгілі.
Кенже Жылқыайдарова, Астана тұрғыны:
Біз үлкен ата-әжеміз. Сондықтан ұрпағымыздың болашағына, жарқын болашағына қам жейміз. Өміріміздегі болып жатқан әрбір оқиғаға, халық өз үнін қосуы керек деп есептеймін. Сондықтанда өз таңдауымды жасап, бүгін дауыс беруге келіп тұрмын. Елімізде тыныштық болсын, бейбіт заман болсын.
Жалпы бас қалада дауыс беру құқығы бар азаматтар саны 1 миллионнан асады. Барлық дауыс беру учаскелері кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін қала тұрғындары келіп, өз таңдауларын жасауға мүмкіндік алады.


Бөлісу