Басты Жаңалықтар 18 жасқа толған әр азамат дауыс беруге құқылы

18 жасқа толған әр азамат дауыс беруге құқылы

Референдумда дауыс беру ережесі қандай? Толтырылған бюллетеньді неге ешкімге көрсетуге болмайды? Қандай жағдайда үйде отырып дауыс беруге болады? Дауыс беру кабинасына екі адамның бірге кіруіне неге тыйым салынады? Осы және өзге де сауалдарға жауапты әріптесім Самал Қабышева рет-ретімен түсіндіріп береді. 

Самал Қабышева, тілші:
Референдумда 18 жасқа толған, сотталмаған, ҚР-ның азаматы дауыс беруге құқылы. 18 жасқа дәл бүгін 15 наурыз күні толатын азаматтар да референдумға қатыса алады. Егер қандай да бір себеппен есіміңіз тізімнен табылмаса, алаңдамаңыз. Учаскелік комиссия мәселені дереу қарап, сізді референдумға қатысушылар тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды. Дауыс беру үшін өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз болуы керек. Құжатпен тіркелген мекенжайыңыз бойынша дауыс беру учаскесіне барасыз. Сол жерде референдум комиссиясының мүшелерінен бюллетень алып, арнайы дауыс беру кабинасына кіресіз.
Бюллетеньде референдумға қойылған сауал және екі жауап нұсқасы бар. «Иә, қабылдаймын» немесе «Жоқ, қабылдамаймын». Осы екі нұсқаның біреуін ғана таңдап, жауаптың оң жағындағы бос шаршыға белгі қоясыз. Содан кейін бюллетеньді дауыс беру жәшігіне саласыз.Егер екі нұсқаны қатар белгілесеңіз, бюллетень жарамсыз деп танылады және дауысыңыз есепке алынбайды.
Есіңізде болсын! Дауыс беру жасырын түрде өтеді. Толтырылған бюллетеньді ешкімге көрсетуге болмайды. Сондай-ақ ешкім сізден оны көрсетуді талап ете алмайды. Мұндай талап қойылса, ол заң бұзушылық болып саналады.
Дауыс беру күні кез-келген үгіт-насихатқа тыйым салынады. Мысалы, толтырылған бюллетеньді басқаларға көрсету де үгіт ретінде қабылдануы мүмкін. Мұндай әрекет үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан бюллетеньді ешкімге көрсетпей, бүктеп, тікелей дауыс беру жәшігіне салу қажет. Ең бастысы - дауыс беру еркін әрі жасырын түрде өтуі тиіс.
Дауыс беру кабинасына екі адамның бірге кіруіне болмайды. Тек бюллетеньді өз бетінше толтыра алмайтын азаматтарға ғана көмек көрсетіледі. Мысалы, жасы үлкен немесе көру қабілеті нашар адам болса, ол учаскелік комиссияға ескертіп, басқа азаматтың көмегін пайдалануға құқылы.
Шетелде жүрген қазақстандықтар  сол елдегі елшілікке барып, референдум комиссиясының учаскесіне жүгінуі қажет. Учаскелердің мекенжайын Сыртқы істер министрлігінің сайтынан табуға болады. Дауыс беру үшін Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты болуы қажет.
Әр азамат өзінің дауыс беру учаскесін оңай біле алады. Ол үшін жеке сәйкестендіру нөміріңізді (ЖСН) арнайы сілтемеге енгізсеңіз жеткілікті. Жүйе сіздің қай учаскеде дауыс беретіндігіңізді бірден көрсетеді. Осы телеграм арнасы арқылы да дауыс беру учаскесін бірден білуге болады.  Егер 15 наурыз күні ауырып жатсаңыз немесе науқас туысыңызға күтім жасап отырсаңыз, үйден дауыс беруге мүмкіндік бар.Сондай-ақ референдум учаскелері жоқ шалғай, қатынауы қиын елді мекен тұрғындары да үйден дауыс бере алады.
Ол үшін учаскелік референдум комиссиясына өтініш беру қажет. Осыдан кейін комиссия мүшелері сіздің үйіңізге келіп, дауыс беру рәсімін ұйымдастырады.


Бөлісу