Маңғыстауда 261 референдум учаскесі жұмыс істеп жатыр
Маңғыстауда референдум учаскелерінде мерекелік көңіл-күй ерекше. Дауыс берушілер науқанға атсалысып, бір-бірін Амал мерекесімен құттықтап жатыр. Аймақтағы меншікті тілшіміз Аягөз Оралбайқызы қазір бізбен тікелей байланыста.
Ақтау қаласындағы нөмірі 62-референдум учаскесіндемін. Мұнда нағыз мереке болып жатыр. Ән де, күй де осында. Референдум Амал мерекесімен тұспа-тұс келіп, дауыс беруге келген тұрғындар арқа-жарқа болып, бір-бірімен көрісіп, өз таңдауларын жасап та үлгеріп жатыр. Дауыс берушілерге ұлттық тағамдар қойылған осындай арнайы орын әзірленген. Тұрғындарға бауырсақ, шұбат ұсынылуда. Мен қазір ақын әрі, қоғам белсендісі Анар Шамшадинованы сөзге тартқым келеді. Анар Амангелдіқызы, жылыңыз құтты болсын!
Анар Шамшадинова, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі:
Осы жаңа ғана дауыс беріп шықтым. Өз таңдауымды жасадым. Тамаша көңіл-күйде тұрмын. Өйткені, бүгін еліміз үшін, халқымыз үшін маңызды күн. Ел болашағына бейжай қарамайтын әр бір азамат атсалысу керек деп ойлаймын. Амал мерекесі құтты болсын!
Айта кетейін, осы референдум учаскесінде 2176 дауыс беруші бар. Ал облыста 261 референдум учаскесі жұмыс істеп жатыр. Дауыс беруге құқылы 444 мыңнан астам адам тіркелген.