Атырау облысында тұрғындар 276 референдум учаскесінде дауыс беріп жатыр
Келген дауыс берушілер алдымен наурыз көже мен бауырсақтан ауыз тиіп, содан кейін өз таңдауларын жасап жатыр.
Атырау қаласындағы №90 референдум учаскесінде таңғы сағат 07:00-де ашылып, дауыс беру басталды. Оған дейін комиссия мүшелері байқаушылармен бірге сейфтен бюллетеньдерді алып шықты.
Жалпы бүгін облыс бойынша 276 референдум учаскесі жұмыс істейді. Онда 416 619 азамат дауыс береді деп күтілуде. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де барлық қажетті жағдай жасалған.
Атырау өңірі өнеркәсіптік аймақ болғандықтан, көптеген азамат вахталық әдіспен еңбек етеді. Мұнайшылар да қоғамдық маңызды шарадан қалыс қалып жатқан жоқ. Олар үшін Атырау қаласында және Жылыой ауданы, Исатай ауданы, Құрманғазы ауданы, Қызылқоға ауданы, Мақат ауданы аумақтарында референдум учаскелері жұмысын бастады.
Осы уақытқа дейін заң талаптарының сақталмауына қатысты дерек тіркелген жоқ. Саяси науқанға орай қаладағы қоғамдық көліктер де тегін қатынап жатыр.
Дауыс беру учаскелері кешкі сағат 20:00-ге дейін сайлаушылар үшін ашық болады.