Шетелдік сарапшылар жаңа Конституция жобасын талқылады
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында «Қазақстанның жаңа конституциялық моделі: тұрақты әрі заманауи мемлекет жолында» атты аналитикалық баяндама жобасы талқыланды. Жиынға отандық және шетелдік сарапшылар қатысты. Халықаралық мамандар жаңа Конституция жобасын үлкен әлеуетке ие деп бағалады.
Жалпы мұндай ауқымды саяси науқанға шетелдік мамандардың қатысуы референдум процестерінің ашықтығын арттырып қана қоймай, елдің халықаралық демократиялық стандарттарға бейілдігін көрсетеді.
Альберто Туркстра, халықаралық байқаушы:
Мен Қазақстандағы бірнеше саяси науқанға куә болдым. Сондай-ақ осы елдегі реформалардың қалай жүзеге асатынын бақылағаныма қуаныштымын. Бұл Конституция жобасы 2019 жылы Президент Қ.Тоқаев билікке келгеннен кейін басталған ұзақ реформалар процесінің нәтижесі. Жаңа Конституция елдің әлеуметтік, саяси және экономикалық қажеттіліктеріне сәйкес жаңа басқару моделін қалыптастыруға жол ашады деген сенімдемін.
Сарапшылардың пікірінше, ұсынылып отырған Ата заң жобасы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, қоғам мен билік арасындағы өзара жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Құжат Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртудағы келесі қадамдарды айқындамақ.
Давид Апциаури, халықаралық байқаушы:
Менің ойымша, жаңа Конституция елдегі тұрақтылықты нығайтып, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге ықпал етеді. Сонымен қатар ол сыртқы саясатты тиімді жүргізуге де негіз болады. Әсіресе қазіргі геосаяси жағдайда бұл өте маңызды.
Уэсли Александр Хилл, халықаралық байқаушы:
Егер елде тұрақты конституциялық негіз қалыптасса және болашақ саяси бағыт түсінікті болса, инвесторлар үшін де тәуекел азаяды. Ал бұл экономикалық даму мен ішкі саяси тұрақтылыққа оң әсер етпек.
Құжатта азаматтардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік саясатты дамыту және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру мәселелеріне басымдық берілген. Сондықтан бұл референдум елдің дамуы үшін тарихи кезең болмақ дейді мамандар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы