Жастар тарапынан белсенділік басым
Бүгін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы жұмысын қорытындылады. Жиынды ашқан Жалпыұлттық коалиция жетекшісі Ерлан Қошанов коалиция мүшелері еліміздегі қалалар мен ауылдардың барлық дерлігін аралап, миллиондаған азаматпен кездескенін атап өтті. Оның айтуынша, жалпы осы кездесулер кезінде жастар қауымы ерекше белсенділік танытты. Жас азаматтар Президент ұстанған бағыт нәтижесін өзгелерге қарағанда көбірек сезінеді. Себебі олар елімізді өзгертіп жатқан реформалардың бел ортасында өсіп келеді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, Жалпыұлттық коалиция жетекшісі:
Бүгін біз еліміздің идеологиялық бағдарының терең әрі мазмұнды трансформациясын байқап отырмыз. Іс жүзінде ұлт болашағының жаңа бағыты айқындалды. Ең алдымен осы бағытты батыл, өзгерістерді қорықпай қарсы алуға дайын ел жастары қолдап отыр. Олар үшін реформалар жай ғана саяси күн тәртібі емес, өз өмірлерінің ажырамас бөлігі. Жастар қауымы үкілеген үміттері мен алға қойған жоспарлары елдің даму стратегиясынан көрініс тауып жатқанын байқап отыр. Дәл осы көзқарас тоғысқан тұста Мемлекет басшысы мен жастар арасында ерекше синергия қалыптасады.
Коалиция Президент саясатына және жаңа Конституцияға қолдау көрсету мақсатында еліміздегі қоғамдық-саяси бірлестіктерді біріктірген біртұтас күшке айналған. Себебі оның құрамына бес саяси партия және шамамен 300 қоғамдық ұйым кірді. Олар шамамен 5 миллион азаматтың мүддесін білдірді. Ал Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қарапайым азаматтардың үміті мен сенімі Президенттің және оның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан өзгерістерге деген қолдаудың өзегі екенін атап өтті.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
Еліміздегі өзгерістердің басты тірегі – халықтың сенімі. Егер халық билікке сенбесе, Президентке арқа сүйемесе, реформаларды жүзеге асыру да, оларды тіпті бастау да қиын болатын еді. Қарапайым азаматтардың сенімі мен халықтың қолдауы бізге осындай жүйелі, терең өзгерістерді жүзеге асыруға күш беріп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы