Басты Жаңалықтар Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңі әзірленді

Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңі әзірленді

Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін әзірледі. Жобада Солтүстік Аралдағы су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеру үшін Көкарал бөгетін реконструкциялау көзделген. Нәтижесінде су айдынының аумағын 3 мың 913 шаршы шақырымға дейін, ал су көлемін 34 млрд текше метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар министрлік Түркістан және Қызылорда облыстарындағы Арал-Сырдария бассейнінің ирригация жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру бойынша 160-тан астам жобалау-сметалық құжат әзірлеп жатыр. Бұл жұмыстар суды тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, үнемделген су көлемін Солтүстік Аралға бағыттауға жағдай жасайды. Жобаның іске асу мерзімі - 2026-2029 жылдар. Айта кетейік, Мемлекет басшысы кеше өткен мәслихат депутаттарының форумында биыл су шаруашылығы нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары бойынша 220-дан астам жоба жүзеге асырылып жатыр деген еді.

Бекмұрат Қалимардан, Су ресурстары және ирригацифя министрлігінің басқарма басшысы:
Еске салайық, соңғы үш жылда Сырдария өзеніндегі су қоймаларының жұмыс режимін келісу және мемлекетаралық келісімдерді қатаң сақтау нәтижесінде Солтүстік Арал теңізіне 6,4 млрд текше метрден астам су келді. Соның нәтижесінде теңіздегі су көлемі 2022 жылдың соңындағы 18,9 млрд текше метрден 2025 жылдың соңына қарай 23 млрд текше метрге дейін артты.


Бөлісу