Бельгияда «EQUUS: Жылқының тарихы» фильмі көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда «EQUUS: Жылқының тарихы» фильмі көрсетілді

25.04.2019

Жылқы алғаш қазақ даласында қолға үйретілді деген шетелдік ғалымдардың тың жаңалығы жаһандық қауымдастықты дүр сілкіндірді. Оған нақты дәлел ретінде түсірілген «EQUUS: Жылқының тарихы» фильмі бір айдан бері қарт құрлықта көрсетілуде. Норвегия, Финляндия, Швеция мен Голландия жұртын тамсантқан деректі фильм бүгін бельгиялықтардың назарына ұсынылды. Қазақстан мен Канаданың біріккен жобасы қазақтың, жылқының болмысын әлемге танытты.

Жабайы жылқыны адамзат баласы алғаш қазақ жерінде қолға үйретіп, атбегілік өнерді қалыптастырды. Қазақстан - әлемге әйгілі жеті тілдің пайда болған мекені. Солтүстік Еуропадан Орталық-Шығыс және Үндістанға дейінгі көне генетикалық мәдениеттің отаны. Еліміздің Солтүстік өңіріндегі Ботай қорымында 7 жыл зерттеу жүргізген АҚШ пен Еуропа ғалымдары осыны дәлелдеді. Фильмде сол зерттеулердің нәтижесі, адамзат пен қасиетті жануардың қарым-қатынасы толық баяндалады.

Наурызда «Qazaqstan» Ұлттық арнасы арқылы көрерменге жол тартқан деректі фильмді шетелдіктерге таныстыру үшін продюсер Нұрбол Баймұхан бір ай бұрын автокөлікпен Түркістаннан Еуропаға аттанған. 8750 шақырымды бағындырған ол туындыны Бельгия жұртына ұсынды.

Трилогия үш жыл бойы Қазақстан, Моңғолия, Канада мен әлемнің тағы 11 елінде түсірілген. Ежелгі көшпенділердің рөлін сомдаған актер, каскадерлардың бәрі қазақстандықтар. Бельгия жұрты жылқы мінезді қазақтың даналығына, тарихы мен мәдениетіне тәнті болды.

Каролин Клиф, Еуропалық сыртқы істер қызметінің сарапшысы:

- Мен фильмді көріп, қатты таңқалдым. Мыңдаған жыл бұрынғы тарих, көшпенділердің өткен өмірі, адамзат пен жылқының арасындағы қарым-қатынас бәрі керемет көрсетілген. Қазақ даласының табиғаты ғажап. Өзім дәл сол ортада болып, сол уақытқа сапар шеккендеймін.

Көпшілік фильмнен Ботай дәуіріндегі халықтың да бие сауып, саумал ішкенін білді. Жылқының жабайы жануардан адамның сенімді серігіне айналғанға дейінгі тарихына қанықты. Құнды туынды ертең Париждегі ЮНЕСКО ұйымында таныстырылады. Сонан соң, қарт құрлықтың тағы 27 мемлекетін аралап, АҚШ пен Еуропаның 50-ге тарта телеарналарында көрсетіледі.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу